Түркістан қаласында«Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Медиакраттар медиафорумы» өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Сенат залында өтетін басқосуға ҚР Парламент депутаттары, Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілдері, танымал медиатұлғалар, бірқатар өңірлердегі медиахолдинг басшылары мен еліміздегі жетекші БАҚ өкілдері қатысты.
Онлайн және офлайн форматта ұйымдастырылған медиафорумда танымал спикерлер отандық медиа саласының бүгіні мен болашағы, ұлттық және аймақтық журналистиканың өзекті мәселелері, «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты сарапшылық пікірлерін ортаға салды. Басқосуды модератор ретінде жүргізген Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Медиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, танымал журналист Ғалымжан Елшібай ақпараттық саясат саласының күн тәртібінде тұрған заң жобасын қабылдарда аймақтық журналистика өкілдерінің талап-тілектері ескерілуі тиістігін атап өтті.
Белгілі қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, ҚР Парламент Мәжілісіндегі «Масс-медиа туралы» заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Жанарбек Әшімжан, Парламент Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай, Мәдениет және ақпарат министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Қайнар Ахетов пен Оралхан Дәуіт, Серік Әбікенұлы, Жұлдыз Әбділдә, Есенгүл Кәпқызы, Молдияр Ергебеков секілді бірқатар белгілі журналистер тақырып төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Оралхан Дәуіт елдегі аймақтық журналистиканың ахуалы мен өзекті мәселелері жайында мазмұнды баяндама жасап, саланың негізгі проблемаларын айқындап берді. Депутат Жанарбек Әшімжан өз сөзінде барлық журналистерді «Масс-медиа туралы» заң жобасының мәтінімен егжей-тегжейлі танысып, ұсыныстарды білдіруде белсенділік танытуға шақырды.
Медиафорумның қорытындысы бойынша салалық министрлікке және Парламентке «Масс-медиа туралы» заң жобасына қатысты ұсыныстар жолданатын болады.