Түркістанда кезекте тұрған 100-ге жуық отбасыға элиталы баспана кілттері табысталды

26 Маусым, 08:45 554

Түркістан қаласында кезекте тұрған әлеуметтік осал топтағы 88 отбасы элиталы тұрғын үй кешеніндегі баспанаға ие болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әкімдіктің мәліметінше, тұрғындардың қуанышын бөлісуге Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, пәтер иелеріне ізгі ниетін білдірді.

Бүгін сіздермен ерекше қуанышты сәтте кездесіп тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, Түркістан облысы құрылып, Түркістан қаласының облыс орталығы атанғанына 6 жыл толды. Осы айтулы мереке аясында бүгінгі іс-шараны жоспарлаған болатынбыз. Бұл үйлерді кәсіпкерлер нарыққа сатамыз деп салған болатын. Біз бюджеттен қаржы тауып, кәсіпкерлермен келісіп, үйлердің бағасын төмендетіп, арнайы сатып алдық. Сөйтіп шаһардағы мұқтаж азаматтарға беру туралы шешім қабылдадық. Көріп тұрсыздар, үйлер мен ауласы өте ыңғайлы, әдемі. Айналасын таза ұстау - өз қолдарыңызда. Мұндай үйлер қаламызда бұрын берілмеген. Сіздермен бірге өзіміз үй алғандай қуанып жатырмыз. Бұл жұмыстар Мемлекет басшысының тұрғындарды баспанамен қамту тапсырмасы аясында атқарылып отыр. Өңірімізде баспанамен қамту шаралары бірнеше бағыт бойынша жүргізілуде. Үйлі болғандар саны артуда. Солардың қатарында сіздер де бүгін баспанаға қол жеткізіп отырсыздар. Құтты болсын! Шаңырақтарыңыз берекелі әрі бақытқа, шаттыққа толы болсын! – деді аймақ басшысы.

Элиталы болып саналатын үш қабатты «Яссауи» тұрғын үй кешенінің аумағында балалар ойын алаңшасы, көлік тұрағы бар және инфрақұрылыммен толық қамтамасыз етілген.

Жалпы Түркістан қаласында соңғы 5 жылда тұрғын үй кезегінде тұрған 2558 азамат баспаналы болды. Жаңа шағынаудандар пайда болып, тозығы жеткен тұрғын үйлер ретке келтірілді. 

Перизат Саденова
Бөлісу: