Түркістанда картоп 100 теңгеден сатылып жатыр

Кеше, 19:06 213

Түркістан облысында азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру қатаң бақылауда. әкімдік мәліметінше, өңірде әлеуметтік дүкендерде картоп келісі 100 теңгеден сатылып жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыста әлеуметтік маңызы бар азық-түлікпен қамтамасыз ету жұмыстарын «Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның тұрақтандыру қоры үйлестіреді.

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында жалпы 3500 тонна картоп, 2500 тонна сәбіз, 1700 тонна қырыққабат және 2200 тонна пияз бар. Ал көкөніс сақтау қоймасында 460 тонна картоп, 150 тонна сәбіз, 100 тонна пияз, 25 тонна қырыққабат, 200 тонна бакалеялық өнімдер, 62 мың дана жұмыртқа сақтаулы. Қоймада картоптың көлемі жеткілікті. Әкімдік алаңдауға негіз жоқ деп отыр.

Ішкі нарықта картоп бағасын тұрақтандыру мақсатында базарлар, ірі сауда орындары мен әлеуметтік дүкен сөрелері және жәрмеңкелерде 100 теңгеден ұсынылып келеді. Өңір тұрғындары Түркістан, Арыс пен Кентау қалаларындағы 36 әлеуметтік дүкеннен картопты 100 теңгеден сатып ала алады. Сондай-ақ ірі сауда орындарындағы 64 әлеуметтік бұрышта өнім бекітілген төмен бағада сатылып жатыр,-делінген мәліметте.

Асқар Таудай
Бөлісу: