Түркістан қаласының учаскелік полицейлері "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында йын-сауық орындарында рейдтік-профилактикалық іс-шаралар өткізуде. Негізгі мақсат - қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салатын заңнаманың сақталуын қамтамасыз ету, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық ПД мәліметінше, тәртіп сақшылары кезекті рейд кезінде 6 азамат пен 3 ойын-сауық мекемелерінің иелерін анықтады. Оларға қатысты тиісті әкімшілік хаттамалар толтырылды. Мәселен, Түркістан қаласындағы мекемелердің бірінде 25 жастағы қыздың кальян шегу фактісі анықталды. Бойжеткенге әкімшілік шара көріліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ облыс орталығының "Жаңа қала" шағынауданында орналасқан кафелердің бірінің әкімшісі келушілерге кальян ұсынғаны үшін жауапқа тартылды.
Жыл басынан бері профилактикалық іс-шаралардың нәтижесінде Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 441-бабын бұзудың 30-дан астам фактісі анықталды. Ал құқық бұзушылар ел заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылды. Қоғамдық орындарда, тамақтану орындарында, түнгі клубтарда, барларда және демалыс орындарында кальян қолдануға заңмен тыйым салынған,-деп атап өтті полициядан.