Түркістанда бір топ жеткіншек ерекше қажеттілігі бар баланы қорлаған

11 Қазан 2023, 18:28 1038

Желіде бір топ жеткіншектің ерекше қажеттілігі бар баланы қорлап жатқан видеосы тарады. Түркістан қаласында болған оқиғаға қатысты полиция пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу кезінде Түркістан облысының полицейлері бір топ жасөспірімнің жиналып тұрған бейнежазбасын анықтады. Аталған жайттың қай аумақта орын алғаны мен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында Түркістан полицейлері шұғыл шараларды қабылдады.

Жедел жүргізілген жұмыстың нәтижесінде оқиғаның Түркістан қаласында 9 қазан күні болғаны және жасөспірімдердің өзара көрші тұратыны анықталды. Яғни жасөспірімдер бірге ойнап жүріп, өзара сөзге келіп қалады. Сол сәтте жанжалды байқаған сол маңдағы жасы үлкен жігіттер араласып, топты тарқатып жіберген. Ал полиция басқармасына жеткізілген жасөспірімдердің ата-аналары арыз-шағымдарының жоқ екенін және балалары тарапынан алдағы уақытта да құқық бұзушылыққа жол бермейтіндерін жеткізді, – деп хабарлады Түркістан облысы Полиция басқармасы. 

Түркістан қаласының полицейлері жасөспірімдерге ата-аналарының қатысуымен бірге әрбір құқық бұзушылық орын алған жағдайда заң аясында шара көрілетінін айтып, олармен профилактикалық сұқбат жүргізді. Айта кету керек, аталған жайт бойынша полицияға ешкім ешқандай хабарлама түсірмеген және арызданбаған. 

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: