Түркістанда бір мезетте 500 бала күй тартты

2 Маусым, 04:16 909

Түркістанда 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Бақытты балалық шақ» мерекелік іс-шарасына облыс әкімі Дархан Сатыбалды қатысып, балалармен бірге көрме мен концерттік бағдарламаны тамашалады. Мерекелік шарада 500 оқушы бір мезетте күй тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты шарада сөз алған облыс әкімі балаларды мерекелерімен құттықтап, халықаралық, республикалық байқаулардың, олимпиадалардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарын марапаттады. Сондай-ақ қаржылай сыйақы сертификаты тапсырылды.

«Керуен сарай» туристік кешенінде өткен жиында тақырыптық көрме жасақталған. 500 оқушыдан құралған домбырашылар бір мезетте күй тартты. Балалардың қолданбалы өнер бағытындағы шығармашылық жұмыстарының жәрмеңкесі өтті. «Шымкент-цирк» мекемесі пен Қуыршақ театрының мерекелік қойылымы көрсетілді. «Кітаптар жазы» көрмесі және «Farab» кітапханасының балаларға арналған кітаптар көрмесі жасақталды. «Drone challenge» және «Robo fest» көрмесі де мереке сәнін кіргізді.

Колледж студенттерінің өз қолдарынан жасалған ұлттық киім үлгілерінен үздік «Дефиле» топтамасы көпшілік назарына ұсынылды. Мектеп оқушылары арасында «Интеллектуалды ұлт» шахмат, дойбы ойындарынан көрсетілімдік сайыс өткізілді. «Айбын» әскери-патриоттық қозғалысының оқушыларынан құралған үздік іс-қимылдар көрсетілді. Балалар үшін аквагрим ұйымдастырылды. Аудан, қалалардан келген үздік суретші балалардың «Түркістан балалар көзімен» көркемсурет галереясы ұсынылды,-делінген Өңірлік коммуникациялар қызметі ұсынған мәліметте.

Мерекелік іс-шара концерттік бағдараламаға ұласты. Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармония өнерпаздарымен бірге «Ақжайық» музыка мектебінің таланттары өнер көрсетті. Сонымен қатар жалпы облыстың дарынды балалары да кешке атсалысты.

Айта кетейік, облыс халқының 38%-ы балалар, олардың 155-мыңнан астамы бақшада, 520 мыңы мектепте білім алуда. Еліміздегі әрбір 7-ші оқушы Түркістан облысында. Бұл республикадағы ең үлкен көрсеткіш. Өңірде балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасалуда. Балабақша, мектеп, «Оқушылар сарайы», түрлі өнер және спорт үйірмелері жұмыс істеп тұр.

Перизат Саденова
Бөлісу: