Түркістанда 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер мұқтаж отбасына баспана сыйлады

2 Маусым 2023, 11:45 1216

Түркістан облысының Түлкібас ауданында осыдан 20 жыл бұрын мектеп бітірген түлектер мұқтаж отбасыға баспана сыйлады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Абай және Б.Садықов атындағы мектептерден түлеп ұшқан азаматтар бірігіп, мүмкіндігі шектеулі қыз тәрбиелеп отырған Кемелбековтер отбасына аудан орталығынан 6 бөлмелі, қорасы мен моншасы, сарайы бар баспана кілтін табыстады.

Оған қоса, түлектер ақша жинап, 8 млн 600 мың теңгеге үйге қажетті жиһаздар мен техникаларды сатып алып, үйдің ішін толықтай жабдықтап берді. Мүгедектігі бар отбасы осы кезге дейін жалдамалы пәтерде тұрып келген.


instagram.com/tulkibas_audanynyn_akimdigi

Іс-шара соңында дәстүр бойынша 2003 жылғы мектеп түлектері эстафетаны 2004 жылғы түлектерге жолдады.

Еске сала кетсек, Түлкібас ауданының Абай атындағы мектеп-лицейінің түлектері осыдан 6 жыл бұрын елімізде алғаш болып білім ордасын бітіргендеріне 20 жыл толған күні көпбалалы отбасыға үй сыйлаған болатын. Бұл игі дәстүр жалғасын тауып келеді.

Равиль Ашығали
Бөлісу: