Түркістанда 120 мың демалушыны қабылдайтын шаңғы курортының құрылысы жүріп жатыр

11 Қараша, 04:15 457

Түркістан облысы Төлеби ауданында жыл бойы туристік қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі тау шаңғы курортының құрылысы жүргізіліп жатыр. Аталған нысан жылына 120 мың демалушыны қабылдайтын болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Қасқасу туристік-рекреациялық кешенінің» аумағында бірнеше қонақ үйлер, мейрамханалар, арқан жолы мен бассейн салу жоспарланған. Жоба бойынша шаңғы трассасының биіктігі 1880-3155 метр аралығын құрап, жалпы ұзындығы 33,4 шақырым болмақ.

Өңірлік коммуникациялар қызметі кешен толық іске қосылған жағдайда жылына 120 000-ға жуық демалушы қабылданып, 2 000-нан астам адам жұмыспен қамтылатынын атап өтті.

Жалпы Төлеби ауданында демалушыларға қызмет көрсететін орындардың саны 194-ке жеткен. Сондай-ақ, ауданда жыл басынан бері құны 1,2 млрд теңгені құрайтын төрт туристік нысан ашылған. Бүгінде туризм саласын дамытып, инвестиция тарту үшін Біркөлік, Ақмешіт, Қасқасу елді мекендеріндегі туристік рекреациялық аймақтарының даму жоспары әзірленуде. Айта кетейік, ауданда 2024–2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд теңге болатын ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда. 

Зарина Арман
Бөлісу: