Түркістанда 1000 адамды жұмыспен қамтитын зауыттың капсуласы салынды

Кеше, 20:11 300

Түркістан облысында «Созақ фосфат» инвестициялық жобасы аясында фосфор тыңайтқыштарын өндіру зауытының құрылысы басталды, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі. 

Созақ ауданында жүзеге асатын жобаға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қолдау білдіріп, зауыттың капсуласын салу рәсіміне қатысты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы экономиканы әртараптандыру, өндірісті дамыту міндетін жүктеді. Облыста осы бағытта жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін Түркістан облысына және Созақ ауданы үшін маңызды инвестициялық жобаның құрылысын бастағалы тұрмыз. Бұл зауытта фосфор қалдығын өңдеу арқылы ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар өндіріледі. Зауыттың іске қосылуы құрамында фосфоры бар тыңайтқыштың импортына тәуелділікті азайтады. Осында өндірілген тыңайтқыштар мен препараттар елімізде азық-түлік бағасының тұрақты болуына оң әсерін береді. Жобаны жүзеге асыруға жұмсалған қаржы өз-өзін ақтайтыны анық. Ол аудан жене облыс экономикасына мультипликативті әсерін тигізеді. Инфрақұрылым бойынша қолдау көрсетіледі, – деді облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Жобаның жүзеге асырушылары әрі серіктестері – отандық және қытайлық белгілі компаниялар. Маңызды оқиғаға аталған компаниялардың басшылары Серікжан Сейтжанов пен Лян Цзюньсян қатысты.

Бұл жоба индустрияландыру картасына енгізілген. Жоспарланған инвестиция көлемі шамамен 140 млрд теңгені құрайды және 1000-ға жуық жұмыс орнын қамту жоспарлануда. Экологиялық талаптар қатаң сақталатын және заманауи технологиялар қолданылатын жоба арқылы фосфор қалдығын алу, фосфор тыңайтқыштарын шығару, терең өңдеу көзделген. Зауыт  жылына 1 миллион тонна азот-фосфор-калий кешенді тыңайтқышын және 600 мың тонна фосфор нитратын шығарады деп жоспарлануда. Өндіріс орны 2027 жылы іске қосылмақ. Өнімдерін елімізбен қатар Үндістан, Қытай және көршілес елдерге экспорттау мүмкіндігі де қарастырылған. 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: