Түркістан облысының шаруалары үшін суармалы судың бағасы арзандады

21 Мамыр, 20:07 654

Министрдің тапсырмасына сәйкес Түркістан облысының шаруалары үшін суармалы судың бағасы 38%-ға дейін арзандады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл басында су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов шаруалардың өтінішін қанағаттандыру мақсатында «Қазсушар» филиалдарына дихандармен делдалсыз тікелей келісімшартқа отыру туралы тапсырма берген болатын.

Осының нәтижесінде биыл Түркістан облысының шаруалары үшін суармалы судың бағасы 38%-ға дейін арзандады.

Мәселен, осыған дейін сор шаю жұмыстарына ағын су құны 1 гектарға – 6000-7000 теңге аралығында болса, биыл бекітілген тарифі бойынша қызмет құны 1 гектарға – 4282 теңге. Есептеу нәтижесінде қызмет құны орта есеппен 28% және 38%-ға дейін арзандағаны анықталды.

Түркістан облысы бойынша «Қазсушар» филиалы биыл шаруалармен су беру қызметі бойынша 6160 келісімшарт жасады. Оның ішінде, Мақтаарал және Жетісай аудандары бойынша 111,1 мың гектар суармалы алқапқа су беру туралы 2825 келісімшарт, Шардара ауданыны бойынша 41,3 мың гектар егіс алқабын тіршілік нәрімен қамтамасыз ету жөнінде 1280 келісімшартқа отырды.

Биылдан бастап еліміздің оңтүстігіндегі бірқатар шаруалар үшін суармалы су беру қызметінің құны арзандады. Себебі, 2024 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық аясында «Қазсушар» мекемесі тұтынушылармен тікелей келісімшартқа отырып жатыр. Бұл ортадағы делдалдарды алып тастауға мүмкіндік береді. Тиісінше бірқатар тұтынушылар үшін қызметтердің құнын арзандатады. «Қазсушар» мекемесі 2024 жылдың вегетация маусымына 19 мыңнан астам тұтынушымен келісімшартқа отыруды жоспарлап отыр, - деді су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Перизат Саденова
Бөлісу: