Түркістан облысының бір топ дәрігері Түркияға шұғыл көмекке аттанды

7 Ақпан 2023, 20:22 1361

Түркістан облысының бір топ дәрігері Түркияға шұғыл көмекке аттанды. Бауырлас елде 9 дәрігер медициналық көмек көрсететін болады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Тізімге алынған Түркістан облыстық клиникалық аурухананың білікті дәрігерлерінің қатарында терапевт, ортопед, нейрохирург, ангиохирург, проктолог, хирург, невролог мамандары бар. Олардың барлығы түрік тілін еркін меңгерген. Тәжірибелі мамандардың еңбек өтілі – 3 жылдан 26 жылға дейін. Ал, Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы университетінің оқытушылар құрамы бір күндік жалақыларын аударды.

Еске сала кетсек, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырған болатын. Осы тапсырмаға сәйкес еліміз бойынша Түркияға медициналық көмек көрсету үшін дәрігерлер бригадасы құрылған болатын.

EL.KZ
Бөлісу: