Түркістан облысының әкімі шәкірті 42 елден шақырту алған ұстазға көлік мінгізді

5 Қазан, 11:30 469

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды география пәнінің мұғалімі Арғын Бастамиге көлік сыйлады. Жергілікті ұстаздың шәкірті Ислам Әбдірахманов 42 елден шақырту алған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Ұстаздар мерекесіне орай Түркістанда “Ұстазыма мың алғыс!” атты салтанатты іс-шарасы өтті. Мерекелік жиынға аймақ басшысы Дархан Амангелдіұлы Сатыбалды қатысып, білім саласында аянбай еңбек еткен барша ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.

Құрметті ұстаздар! Баршаңыздың отбасыларыңызға – амандық, дендеріңізге –саулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін. Мереке құтты болсын! Ұстаз – жай білім беретін мамандық иесі емес. Ол – екінші ата-ана, тәрбиенің де қайнар көзі. Бәріміз де ұстаздарға қарыздармыз. Сондықтан ұлағатты ұстаздардың алдында барлық адам құрметпен бас иеді, – деді облыс әкімі.

Өңір басшысы республикалық, облыстық олимпиада және спорт жарыстарының жеңімпаздарын дайындаған 30 мұғалімге өз атынан марапат ұсынып, арнайы сыйлықтар табыстады. Оның ішінде 10 ұстаз  “Ы.Алтынсарин” төсбелгісі мен 20  педагог “Құрмет грамотасын” алып, 200 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақымен ынталандырылды.
Сондай-ақ, көпті таңқалдырған кештің кульминация тосынсыймен жалғасты.

Дархан Амангелдіұлы шәкірті 42 елден шақырту алған “Түркістан Білім-инновация” лицейінің география пәнінің мұғалімі Арғын Бастами облыс атын елімізден бөлек, әлемге танытқан ерен еңбегі үшін көлік кілтін табыстады.

Білім басқармасының мәліметінше, бұдан бөлек облыс әкімі оқушылары республикалық олимпиаданың жеңімпаздары, өзі іскер, белсенді,  облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері Төлеби ауданы, Қосан Мамытов атындағы мектебінің биология пәнінің мұғалімі,  6 баланың анасы Нұрилла Баймаханқызына ноутбук сыйлады.

Айта кетейік, Түркістан облысында жалпы 85 112 педагог бар.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: