Түркістан облысының әкімі көпқабатты тұрғын үйлер құрылысын тексерді

22 Қыркүйек, 18:13 587

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістан қаласындағы 5 қабатты тұрғын үй кешендерінің құрылыс алаңдарын кезекті рет аралады. Аймақ басшысы «Жібек жолы» тұрғын үй кешені мен «Отырар» шағынауданында салынып жатқан үйлердің құрылысын көріп, мердігерлер мен жауапты басшыларға тапсырмалар берді, деп хабарлайды әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz ақпарат ақпарат агенттігі.

Өз сөзінде Дархан Сатыбалды мердігерлер халық пен мемлекет алдында міндеттеме алған соң өз жұмыстарын жауапкершілікпен атқарулары керектігін атап өтті.

Жауапты басқармалар мен мекеме басшылары да әр нысанның сапалы салынуын бақылауда ұстасын. Бүгін айтылған кемшіліктер дереу ретке келтіріліп, жұмыс жандансын, – деді облыс әкімі.

Жауаптыларға бірқатар сын-ескертпе айтқан аймақ басшысы үйлердің сыртқы бейнесін біркелкі ету, қасбеттеріне мән беруді тапсырды.

Айта кетсек, «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Мұндағы 20 үйдің құрылысына 6 мердігер тартылған. Құрылыстың жалпы алаңы 20 мың шаршы метрден асады. 1728 пәтердің 1374-і, яғни, 17 үй биыл тапсырылады деп жоспарланған. Ал «Отырар» шағынауданындағы 5 қабатты үйлердің құрылымы да тұрақты қадағалауда. Мұндағы 20 үйді 7 компания салып жатыр.

Жыл соңына дейін облыс көлемінде жалпы көпқабатты 114 тұрғын үйді пайдалануға тапсыру жоспарланып отыр. Оның ішінде 2820 пәтерлі 41 үй құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіліп жатыр. Ал 3611 пәтерлі 73 үй жеке инвесторлар есебінен үйлестірілуде. 

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: