Түркістан облысында жолда қалған 35 адам құтқарылды

29 Қараша 2022, 16:54 1127

Бұл туралы Түркістан облысы ТЖД баспасөз қызметі мәлім етті

29 қарашада 112 пультіне Ащысай асуындағы Кентау-Шолаққорған автожолының 55 шақырымында көктайғаққа байланысты кептеліс пайда болған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Төтенше жағдай орнына келген құтқарушылар 2 жүк және 8 жеңіл автокөлікті сүйреп алып шықты. 35 адам, оның ішінде 2 бала құтқарылды. Оларға медициналық көмек қажет етілген жоқ», - делінген хабарламада.

Авариялық-құтқару операциясына Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің 13 қызметкері мен 2 техникасы жұмылдырылды.

«Түркістан облысының ТЖД азаматтарды ауа райының өзгеруін бақылауға шақырады. Дауыл туралы ескерту хабарламаларын ескеріп, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар», - делінген хабарламада.

EL.KZ
Бөлісу: