Түркістан облысында жергілікті тұрғыннан трамадол дәрісі тәркіленді

6 Қазан 2023, 17:27 931

Түркістан облысының полицейлері жергілікті тұрғыннан трамадол дәрісін тәркіледі. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпараттық агенттігі хабарлайды. 

Келес аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында психотроптық препаратты заңсыз сақтау және тасымалдау күдігі бойынша ер адамды анықтады.

Нақтырақ айтсақ, полицейлер көшелердің бірінде тоқтатқан ер адамға тінту жүргізіп, одан әсері күшті дәрі тапты. Тәртіп сақшылары жергілікті тұрғыннан психотроптық препараттың 27 пластинасын тәркілеп алып, сараптамаға жіберді.

Қорытындыға сәйкес тәркіленген трамадолдың жалпы салмағы 16 грамнан асты.

Бұл факт ҚР ҚК-нің 296-бабымен тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Болған оқиғаның толық мән-жайы анықталады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі трамадолды есірткі құралдарының тізіміне енгізді және тек рецепт бойынша берілетінін ескертті. Ал дәрілік заттарды лицензиясыз өткізгені үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: