Түркістан облысында заңсыз аңшылардан қару-жарақ тәркіленді

23 Қаңтар 2023, 11:24 1391

Түркістан облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан күдіктілерден қару-жарақ тәркіленді, – деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Құрманбек Сахов мәлімдеді.

– Біздің Түркістан облысы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері ҰҚК департаментімен бірлесіп, арнайы жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде ҚР Қызыл кітапқа енгізілген жабайы жануарларды заңсыз аулау дерегін анықтады. Бұл жайтты ҚР ҚК-нің 339-бабы 1-бөлігі (Өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу) бойынша тіркедік, – деді ол.

Жедел уәкілдермен дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде Созақ ауданының тұрғындары анықталды, – деді Қ. Сахов. Олардың бірі арнайы есепте тұрады. Полиция қызметкерлері күдікке ілінген ер адамдардың үйін тінту кезінде ҚР Қызыл кітабына енгізілген арқар жануарына ұқсас аңның еті, мүйізі мен басын тапты.

– Сондай-ақ күдіктілерден екі тіркелмеген атыс қаруы (карабин және аңшылық мылтық), әртүрлі калибрлі 50-ден астам патрон, қару-жарақ оптикасы, кісендер, қолдан жасалған пышақ, есірткіге ұқсас заттар мен діни әдебиеттерді тәркіледік. Алынған заттай дәлелдемелерді тиісті сараптамаға жібердік. Қазіргі уақытта осы жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдіктілер қамауда. Оқиғаның мән-жайын анықтаудамыз, – деп толықтырды спикер.

EL.KZ
Бөлісу: