Түркістан облысында ұлттық құндылықтарды ту еткен мектеп бар

16 Ақпан, 22:37 864

Сарыағаш ауданы Нұрлы жол ауылындағы Б.Омаров атындағы №50 мектептің оқушылары ұлттық нақыштағы киімдерді күнделікті киюді әдетке айналдырған. Бұл бастамаға мектеп ұстаздары да атсалысып келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, білім ошағы қазақ тілі мен әдебиеті, дене шынықтыру және еңбек пәндерінде ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерге басымдық береді.

Сонымен қатар оқушылар үйірме сабағында ұлттық аспаптарды меңгереді. Қос ішекті домбырамен күй шерткен шәкірттер ұлттық биді де назардан тыс қалдырмаған. Сондай-ақ, мектепте ұлттық спорт та кеңінен насихатталып, асық ату, тоғызқұмалақ ойындары дене шынықтыру сабағында үйретіледі. Тіпті қазақ күресінен жүлделі орындарды иеленіп, байрақты бәсекелерде аудан мерейін үстем еткен оқушылар да бар, - делінген мәліметте.

Мектеп ұстаздары ұлттық құндылықтарды тек сабақ оқыту үдерісінде ғана емес, түрлі сайыстармен де дәріптеуде. Айталық, мектепте қыз бен жеңге, әке мен ұлдар арасындағы жарыстар жиі ұйымдастырылады. Осылайша сарыағаштық мұғалімдер салт-дәстүрді жаңғыртып, ұлттық болмыстың ұмыт қалмауына мұрындық болып отыр. Мектеп басшысының айтуынша, мұндай бағыт – мектеп оқушыларының рухани дамуына, бойларындағы ұлттық болмысты қалыптастыруға сеп болуда. Білім шаңырағының бастамаларына қазір Сарыағаш ауданындағы өзге де мектептер қызығушылық танытып отыр.

Баян Әжмұхан
Бөлісу: