Түркістан облысында ұлттық қордан 900 мыңнан астам балаға қаржы аударылған

23 Ақпан, 08:40 716

«Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ  Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары Асылбек Ошанов мәліметінше, өңірде ұлттық қордан 900 мыңнан астам балаға қаржы аударылған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы спикер Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте айтты.

«Қазақстан азаматтары болып табылатын 18 жасқа дейінгі барлық балаларға биыл 1 ақпан күні ҚР Ұлттық қорынан алғашқы қаржы аударылды. Бағдарламаға еліміз бойынша 6 919 131 бала, ал Түркістан облысы бойынша 922 841 бала қатысушы ретінде тіркелді. Олардың барлығына 100 АҚШ доллары 52 цент мөлшеріндегі бірдей сома аударылды. Бұдан бөлек жыл сайын Ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен сома көлемі ұлғайып отырады. Шоттағы қаржыны бала кәмелет жасқа толғаннан кейін тұрғын үйге немесе білім алуға жұмсай алады. Жалпы Ұлттық қордың былтырғы инвестициялық жылдық кірісі 1,39 миллиард АҚШ долларын құрады,- деді Асылбек Ошанов.

Айта кетсек, баланың бағдарламаға қатысу дерегін ЖСН бойынша ата-анасы немесе басқа заңды өкілдер «kids.enpf.kz» сайтынан тексере алады. Сондай ақ, әрбір балаға жасалған есептеулер туралы мәліметті ата-аналар «egov.kz» порталындағы жеке кабинеттен көре алады. Ал кәмелетке толған азамат «enpf.kz» сайтындағы жеке кабинетінде, «БЖЗҚ» ұялы қосымшасында немесе «egov.kz» порталынан өз бетінше көре алады.

Оқи отырыңыз: 

Баян Әжмұхан
Бөлісу: