Түркістан облысының полицейлері 4 жыл бұрын жоғалып кеткен қызды тауып, анасымен қауыштырды. Бұл туралы Polisia.kz сайтына сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Түркістан облысы Төлеби аудандық полициясы осыдан 4 жыл бұрын із-түзсіз жоғалған жас қызды үздіксіз іздеу нәтижесінде аман-есен тауып, анасымен қауыштырды.
2021 жылдың жаз айында жергілікті тұрғын полицияға 16 жастағы қызының жоғалғанын айтып, арызданған. Ақпарат алысымен тәртіп сақшылар барлық қажетті тергеу әрекетін атқарған. Бірнеше жыл өтсе де тұрғынның арызы негізінде іздеу ісі жалғасып, нәтижесінде 2025 жылдың қаңтар айында бір-бірінен көз жазып қалған анасы мен қызының кездесуіне ықпал етті. Әйел қуаныштың көз жасын жасыра алмады.
Қызымнан хабарсыз қалып, нендей жағдайда екенін біле алмай жүрген күндер артта қалды. Сіздерге көп рахмет. Арасында өздеріңізге де сенімсіздік білдірген едім, бүгін міне үмітім ақталып отыр, - деген анасы көңілдегі шынайы ризашылығын жеткізді.
Полиция жас қызды Алматы қаласындағы тамақтану орындарының бірінде жұмыс істеп жүрген жерінен тапқан. Бүгінде қыздың осынша уақыт қайда, не себеппен хабарсыз кеткенін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Полицейлер осы жайт бойынша мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады.