Түркістан облысында ауыл тұрғындары шыбын-шіркейден әбден әбігерге түсті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде бет-аузын жәндік торлаған баланың көзін аша алмай қиналып тұрған видеосы тарады. Бұл бейнежазбаны Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Балтакөл округінің Көлқұдық ауылының тұрғыны түсірген. Ер адамның айтуынша, ауылдағы таңғы көрініс осындай – таң атпай жатып адамдар шыбын-шіркейге таланып жатыр. "Қараңыздаршы, шақпайды деген адам қайда? Көрсін мынаны. Сұмдық қой. Мына бала қазір жылап тұр", – дейді ол видеода.
Журналист Гүлмира Әбіқай бұл жағдайды әлеуметтік желідегі парақшасында жариялап, Түркістан облысында шыбын-шіркеймен күреске 650 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінгенін еске салды.
Өткенде ғана 'қырғын дезинфекция жасадық, соңғы шіркейдің мойнын бұрап жұлып алдық' деп мәлімдеген еді өңір басшылығы. Көктемгі шыбын-шіркеймен күреске 643 миллион теңге бөлінген! Ал мына жағдайға қараңыздаршы. Ауыл тұрғындары далада жүре алмай қиналуда, балалардың сабаққа баруы да қиындады. Бюджеттен бөлінген ақша қайда жұмсалды екен?, – деп ашына жазды журналист.
Желі қолданушылары пікірлерінде бұл мәселе тек ауыл-аймақта ғана емес, Түркістан қаласының өзінде де байқалатынын айтты.
Кеше Түркістандағы мешіттің айналасы да осындай болды. Туристерден ұят болды, беттерін ұрғылап жүрді. Біз Түркістанның жаңа қаласында тұрамыз. Далада шіркейден жүру мүмкін емес. Таңертең аздап азаяды, бірақ түстен кейін мүлде далаға шыға алмаймыз", – деп жазды тұрғындар.
Сондай-ақ, "Шәуілдір ауылында да шіркей көп. Бұл жағдай Көксарай су қоймасы салынғалы бері күшейді", – деген пікірлер де айтылды.