Түркістан облысында шегірткеге қарсы күрес күшейтілді

Бүгiн, 07:30 148

Түркістан облысында шегіртке мен ауыл шаруашылығы зиянкестеріне қарсы күрес күшейтілді. Аталған мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен апталық мәжілісте талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Аймақ басшысы жауаптыларға, аудан, қала әкімдеріне тиісті тапсырмалар беріп, жұмысты ширату міндеті жүктелді.

Химиялық өңдеу жұмыстарын бір күн де кешіктірмеу, жағдайды бақылауда ұстау, дәрі сапасын қадағалау, жұмысты сапалы атқару тапсырылды.

Шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары мен фитосанитариялық іс-шараларын уақтылы әрі сапалы жүргізуді тапсырамын. Жұмысты реттеп, кемшілікке жол бермеу қажет. Техникалардың, мамандардың, жұмысшы топтардың дайындығын қазірден пысықтаңыздар. Ауа райын жіті бақылап, дәрілеу жұмыстарын кешіктірмей бастау керек. Атқарылып жатқан жұмыстар туралы күнделікті баяндап отырыңыздар, – деді Нұралхан Көшеров.

АШМ Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Нұрбол Бекмұратовтың айтуынша, зерттеулер нәтижесінде өңірде 2025 жылы шегіртке зиянкесіне қарсы химиялық өңделетін жалпы 384 мың гектар аумақ анықталған.

Министрлік тарапынан биыл облысқа 192,0 мың гектар аумақты өңдеуге қаржы қаралды. Бірақ, бұл шегірткеге қарсы күресуге толық мүмкіндік бермейді. Сондықтан жергілікті бюджет қаражаты есебінен шегірткені мерзімінде жою және облыс аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында басқармалар мен резервтен қосымша қаржы қаралып, жалпы 372 мың гектар аумақта шегіртке зиянкесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Химиялық күрес шараларына 205 жерүсті желдеткіш бүріккіш техникасын жұмылдыру көзделген.

Әкімдіктіктегілер зерттеулер нәтижесінде  облыстың негізгі 9 аудан, қаласындағы 56 ауыл округіне қарасты аумақтардан шегірткенің 2143 ошағы анықталғанын атап өтті. Жалпы 65 аумақта жұмысшы топ айқындалды. Шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру шараларын тиімді жүргізу мақсатында 4 жедел штаб орны белгіленді.

Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Әлібек Плаловтың мәлімдеуінше, биыл облыстық бюджеттен саяқ шегірткелермен күреске тиісті қаржы бөлініп, 50 мың гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Шегірткеге қарсы күрес барысы облыс әкімінің қатаң бақылауына алынған. 

Асқар Таудай
Бөлісу: