Түркістан облысында полицейлер 10 млн теңге қарызы бар борышкерді анықтады

11 Қазан, 14:32 475

Түркістан облысында полицейлер 10 млн теңге қарызы бар борышкерді анықтады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түркістан облысының патрульдік полиция батальоны қызметкерлеріне 10 млн теңге қарызы бар Toyota Corolla автокөлігі бойынша дабыл түсті. Полиция “Қорғау – қауіпті жүргізуші” бағдарламасы арқылы анықтаған көлікті Сайрам – Ақсукент тас жолы бойында тоқтатты. Белгілі болғандай, көлікті сақтандыру полисі бойынша әйел басқарған. Тексеру кезінде көлік оның күйеуінің атында екені белгілі болды. Ер адамның банкке несие бойынша қомақты қарызы бар болып шықты. Ол мамыр айынан бері қарызын төлемей жүргендіктен, полицияға сот орындаушысынан қаулы келіп түскен. 

Мәліметтер базасын тексеру кезінде бұл көліктің 10 миллион теңге қарызы бар екені анықталды. Көлікті арнайы айыптұраққа орналастырдық. Қарызының өтелуі бойынша сот орындаушының рұқсаты келмейінше көлік сол жерде тұрады, – деді облыстық патрульдік полиция батальонының командирі Алмас Мырзахметов.

Полиция облыс тұрғындарына қандай да бір төленуі тиіс берешегі болса, уақытылы өтеуге шақырады. Сондай-ақ кез келген құқық бұзушылық үшін заң аясында шара көрілетінін хабарлайды. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: