Түркістан облысында Наурыз мерекесіне орай акция ұйымдастырылды

22 Наурыз 2023, 18:22 990
Акцияға облыстағы 17 аудан, қалада сенбіліктер ұйымдастырылып, аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері мен тұрғындар белсене қатысты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Облыс орталығындағы жалпы сенбілікте мемлекеттік қызметкерлер қаладағы арық-атыздарды және көше бойларын күл-қоқыстан тазалап, ағаш түптерін әктеп, жеміс және сәндік ағаш көшеттерін екті.
Облыс орталығының айналасынан жасыл желекті қорған құру және Мемлекет басшысының мемлекеттік орман қоры аумағында 2 млрд. әртүрлі ағаш көшеттерін отырғызу тапсырмасы аясында жұмыс жүріп жатыр. Осы бағытта облыс бойынша 5 жылда 110 210 гектар жерге 170 млн. ағаш көшеттерін отырғызу Кешенді жоспарына қоса Түркістан қаласының «Жасыл белдеуіне» қосымша тағы 6400 гектар аймаққа көшеттер егу жоспарланған.
Биыл облыста кешенді жоспарға сәйкес, мемлекеттік орман қоры жерлерінде 20 300 гектар жерге 32214,23 мың дана көшет егу жоспарланған. Бүгінгі таңда 1310 гектар жерге 2339,6 мың дана көшет егілген. Өткен жылғы мәдени орман алқаптарын толықтыруға 2161,2 мың көшет босатылды.
Түркістан қаласының экологиялық ахуалын жақсарту үшін де «Жасыл аймақ», «Жасыл белдеу» жобалары аясында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, биыл қала аумағында 210 000 дана 10 түрлі біржылдық және көпжылдық гүлдер егу жоспарланған. Оның 60 000 данасы егілді. Қалғанын осы айдың соңына дейін отырғызу көзделуде. Облыс орталығына 17 түрлі бейімделген 249 000 дана ағаш көшетін (көктем мезгілінде 100 000 дана, күз маусымында 149 000 дана) егу жоспарланып отыр. Биыл көктемде жасыл белдеуде тек толықтыру жұмыстары атқарылады.
EL.KZ
Бөлісу: