Түркістан облысында мақта шаруашылығын жаңа тәсілмен дамыту қолға алынды

7 Қыркүйек, 08:44 471

Түркістан облысында мақта сапасын арттыру мақсатында биыл жаңа тәсілмен 2,5 мың гектар алқапқа мақта егілді. Шетелдік тәжірибе негізінде қолға алынған жаңа су үнемдеу технологиясы өз тиімділігін көрсетіп отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Шаруалардың айтуынша, алғашқы нәтижесі таң қаларлық жетістік беріп отыр. Жаңа су үнемдеу технологиялары суды, электр қуатын, еңбек ресурстарын және минералды тыңайтқыштарды үнемдей отырып, гектарынан 60-65 центнерден өнім алуға мүмкіндік береді. Бұл облыстың орташа көрсеткішінен 2,5 есеге жоғары.

Әкімдіктің мәліметінше, жаңа технологияны ендіру есебінен өнімділікпен қатар, мақта талшығының бәсекелестік әлеуеті ұлғаяды. Жалпы өңірде мақта шаруашылығын дамыту бойынша бірнеше мақта – тоқыма кластері құрылады. Жобаны толық іске асыру нәтижесінде мақта бағасына тәуелділік толығымен жойылады.

Жаңа технологиялық әдіс арқылы дәлдікпен егілген шит тұқымы тез өсіп жетіледі. Тамшылатып суарудың нәтижесінде қоза көсегі түгелдей ашылып, өнім көрсеткіші кемінде 2 есе артады.

Тиімді тұқым себу тәсілін бастаған шаруалар  өзгелерге үлгі көрсетіп отыр. Жаңа инновациялық тәсілдің тиімділігіне көзі жеткен диқандар осы әдіске өтпекші. Бұл агросалаға серпін беріп, өнім көлемін едәуір ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды шаруалармен кездесіп, жайқалып өскен жаңа алқаптарды аралады. Сауран ауданының шаруалары қытайлық диқандармен кеңесе отырып, жаңа әдіспен мақта егіп, бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді.

Былтыр облыс әкімінің тапсырмасымен тәжірибе жинақтау үшін аудан әкімімен бірге жергілікті бизнесмендер жиналып, Қытайға бардық. Сонда сол жақтың фермерлерімен сөйлескен болатынбыз. Сауран ауданына қарасты Жүйнек ауылында 130 гектар жерге тамшылатып суару арқылы мақта ектік. Су үнемдейтін жаңа тәсілді басқа шаруалар көріп, таң қалып жатыр. Бұл бұрын сор басып кеткен жер болатын. Мақта егуге болатынына ешкім сенбеген. Бастаманың нәтижесі керемет. Алып – қашпа әңгімелердің бос сөз екеніне көзіміз жетті. Қазақстанда рұқсат етілген тыңайтқыштарды ғана пайдаландық. Бәрі заңды. Әрі қарай осы тәжірибені пайдаланып, алқаптың ауқымын артырамыз деген ойдамыз, – деді кәсіпкер Қанат Көшербаев.

Айта кетсек, Түркістан облысында жыл сайын 100 мың гектарға мақта дақылы егіліп, 300 мың тоннадан астам өнім жиналады. Облыста егістікті әртараптандыруда өнімділікті жаңа технологиялар есебінен ұлғайтуға басымдылық берілуде.  

Зарина Арман
Бөлісу: