Түркістан облысында полицейлер мен еріктілер есірткі сайттарын жарнамалайтын 20-дан астам граффити жазбаны жойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Профилактика жылы аясында Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен нашақорлықтың алдын алуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Мәселен, Түркістан қаласында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері кинологтардың қатысуымен жастар ресурстық орталығы, қоғамдық даму басқармасының өкілдері 50-ге жуық еріктімен бірлесіп, "Esirtkige jol joq" акциясын өткізді.
Акцияға қатысушылар жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Есірткінің зияны мен оларды сақтау, тарату үшін қарастырылған жауапкершілік туралы жадынамалар таратты. Сондай-ақ азаматтарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырды. Акцияның ең белсенді қатысушыларына естелік сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар полиция қызметкерлері еріктілермен бірге есірткі сататын сайттарды жарнамалайтын бірнеше граффити жазбаларын бояды.
Жалпы, жыл басынан бері есірткі сайттарын насихаттайтын 25 граффити жазба жойылған. Нашақорлықтың алдын алу бойынша осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатын болады.