Түркістан облысында зейнеткердің көлігін ұрлап, сатып жіберген азамат ұсталды, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Түлкібас аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында көлік ұрлығына қатысы бар 36 жастағы жұмыссыз тұрғынды ұстады. Белгілі болғандай, күдікті ер адам қарияның жалғызбасты екенін біліп, түнгі уақытта үй алдында тұрған көлікті айдап кеткен.
Оңай жолмен пайда табуды көздеген ол автокөлікті 200 мың теңгеге сатып жіберген. Полицейлер қолды болған көлікті тәркілеп, заңды иесіне табыстады.
Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.