Түркістан облысында биыл 96 адам АИТВ инфекциясын жұқтырған

18 Қараша, 20:30 386

АИТВ – адам ағзасының жасушаларына енетін және әртүрлі инфекциялардан қорғайтын иммундық жүйені әлсірететін иммун тапшылығы вирусын жұқтыру кезіде пайда болатын ауру. Биылғы жылдың 10 айында Түркістан облысында АИТВ-ны жұқтырудың 96 дерегі тіркелген. Оның төртеуі шетелдіктерден, қалған 92-сі өз азаматтарымыздан анықталған. Дегенмен сала мамандары АИТВ жұқтыру дерегі облыста жыл өткен сайын азайып отырғанын айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы басшысының орынбасары Дәурен Рыскелдиевтің айтуынша, өткен жылдың 10 айының қорытындысымен салыстырғанда өңірде аталған вирусты жұқтыру дерегі азайған. Яғни, былтыр тиісті кезеңде облыста АИТВ инфекциясын 107 адам жұқтырған. Оның үшеуі шетелдіктерден, қалғаны Қазақстан азаматтарынан анықталған. Бұл туралы орталық басшысының орынбасары АИТВ инфекциясының алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар барысы туралы өткен брифингте атап өтті.

Спикердің мәліметінше, былтырғы жылмен салыстырғанда биыл облыстың екі ауданы мен екі қаласында АИТВ жұқтыру дерегі өсіп отыр. Атап айтар болсақ, өңір орталығы Түркістан қаласында – алты, Сауран ауданында – үш, Кентау қаласында – екі, Бәйдібек ауданында – үш дерек көп тіркелген.   

Вирустық инфекцияны жұқтырғандардың жас ерекшеліктеріне тоқталатын болсақ, биыл жыл басынан бері АИТВ анықталғандардың 1,1 пайызы 0-1 жас аралығындағы балалар, 20-29 жас аралығындағылардың үлесі - 20,7 пайыз, 30-39 жас аралығындағылар  - 20,7 пайыз, 40-49 жас аралығындағылардың үлесі – 30,4 пайыз, 50-59 жастағылар - 17,4 пайыз, ал 60-тан жоғары жастағылардың үлесі - 9,8 пайызды құраған.

Адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырғандардың жыныстық ерекшеліктеріне келер болсақ, жалпы жұқпалы ауру анықталғандардың 71,7 пайызы ерлер екен. Қалған 28,3 пайызын әйелдер жұқтырған. Орталық мәліметінше, облыста АИТВ инфекциясын жұқтырғандардың  1061-і өз статусын білетіндер,  диспансерлік есепте тұратындар саны - 960. Диспансерлік есепте тұратындардың 523-і ерлер болса, 436-сы әйел адамдары екен. Жалпы АИТВ анықталған 943 адам антиретровирустық  терапиямен қамтамасыз етіліп отыр.

(Фотода Дәурен РЫСКЕЛДИЕВ/Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңы)

АИТВ анықталғандардың арасында әйелдерге қарағанда ер адамдардың жұқтыру дерегі үш есе жоғары болып отыр. Аталған вирустық инфекцияның жұғу жолдарына да биыл талдау жүргізілді. Атап айтқанда, биыл 10 айдағы жағдай бойынша АИТВ анықталғандардың 88 пайызы гетеросексуалдық жыныстық қатынас арқылы жұғып отыр. 8,7 пайызы гомосексуалдық жыныстық қатынас арқылы жұққан. Ал 2,2 пайызы ине арқылы есірткі тұтынушылар арасында анықталған. Қалған 1,1 пайызы анадан балаға омырау сүті арқылы берілген,-деді облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы басшысының орынбасары Дәурен Рыскелдиев.

Айта кетсек, облыстық АИТВ орталығы өңірдегі ең жас медициналық мекемелердің бірі болып табылады. Орталық 2018 жылы құрылған. Алғашында облыстық ЖИТС-тің алдын алу және онымен күресу орталығы болып аталған медицина мекемесінің атауы биыл сәуір айында облыстық АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы деп өзгертілді.

АИТВ инфекциясының алдын алу орталығы бес бөлімнен құрылған. Олар: әдістемелік-ұйымдастыру бөлімі, эпидемиологиялық бөлім, профилактикалық бөлім, емдеу-алдын алу диспансеризациялау бөлімі және зертхана бөлімі.

Біздің орталықтың негізгі міндеті  - осы АИТВ инфекциясының таралу жағдайының алдын алу және облыста эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру,  инфекцияның анадан балаға берілуін болдырмау және де осы инфекция жұқтырғандарды емдеу мен емдік шаралармен қамтамасыз ету.  Бұл жерде айта кетерлігі, республикалық «Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығы»  мен Түркістан облыстық  денсаулық сақтау басқармасы арасындағы келісілген меморандумдық көрсеткіш бар. Соның аясында ең бірінші АИТВ инфекциясын 15-49 жас аралығындағылар  арасында таралушыларды шегеру мақсатында нысаналы индикаторлық көрсеткішті 0,16 пайыздан асырмау керек болатын болса,  биыл 10 айдың қорытындысы бойынша біз 0,10 пайызды орындап отырмыз. Және де екіншіден: ем қабылдаушы АИТВ-мен өмір сүретін адамдарды антиретровирустық  терапиямен қамтамасыз ету жыл соңына дейін 90 пайыздан кем болмауы тиіс. Бүгінгі таңда 88 пайызды орындап отырмыз. Үшіншісі:  науқастардың вирустық жүктемесі бойынша АИТВ-мен өмір сүретін адамдар арасында мақсатты индикаторлық көрсеткіші 90 пайыз болуы тиіс болса, бүгінгі таңда 95 пайызды орындап отырмыз. Сонымен қатар аталған вирустық инфекцияны жұқтырған жүкті әйелдер мен АИТВ инфекциясын аналардан жұқтырған балаларды антиретровирустық  терапиямен қамтамасыз ету 95 пайыз болуы тиіс. Біз оны бүгінгі таңда 100 орындап отырмыз,-деді орталық басшысының орынбасары.

Спикер АИТВ жұқтыру дерегі республика бойынша артып отырғанымен, өңірде бұл жағдай жыл өткен сайын кеміп жатқанын атап өтті.  Бұл тұрғыда орталық қызметкерлері тарапынан АИТВ инфекциясына қарсы күрес жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп отырғанын алға тартты. Мәселен, биыл  облыстық «АИТВ-ның алдын алу және онымен күресу орталығының» мамандары облыс тұрғындарымен түрлі кездесулер мен акциялар ұйымдастырып, жұқпалы аурудың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Атап айтқанда, қауіпті инфекциялық аурудың алдын алуға бағытталған 10 акция, 2 спорттық шара, 15 Ашық есік күні өткізілген. Бұдан өзге білім беру мекемелері мен мемлекеттік қызмет көрсету орындарында 25 семинар-тренинг, медициналық мекемелер және әлеуметтік маңызы бар орындарда 3 дөңгелек үстел ұйымдастырылған.

(Фото: © El.kz/Артем ЧУРСИНОВ)

Біз халық арасында және де халықтың негізгі тобына жататын адамдар арасында профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Халықтың негізгі тобына ақылы түрде жиі жыныс қатынасқа түсетін адамдарды жатқызамыз. Біздің орталықта сол топтағы адамдармен жұмыс жасау үшін өзіміздің арнайы мамандарымыз бар және бұл жұмыстарға еріктілерді де тартқанбыз. Олар  сол топтағы адамдар арасында профилактикалық алдын алу түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Біздің орталық тарапынан бұл топтағы адамдарға жыныстық қатынасқа түсерде қолданылатын бір реттік қорғаныш заттарын тегін түрде таратамыз. Мақсат - инфекцияны өзге адамдарға жұқтырмау. Адамның иммун тапшылығы вирусы үш жағдайда жұғады. Бұл – медициналық тұрғыда дәлелденген. Біріншісі: жыныстық қатынас арқылы жұғу жағдайы. Бұл қорғалмаған кездейсоқ жыныстық қатынас арқылы жұғу дерегі болып табылады. Екіншісі: қан арқылы жұғу. Бұл көп жағдайда ине арқылы есірткі тұтынушылар арасында жұғады. Үшіншісі: анадан балаға ана сүті арқылы жұғу дерегі. Науқаспен бір үйде тұру, құшақтасу, қол алысу, бірге тамақ ішіп, бірге серуендеу және тағы да осы сияқты жағдайларда инфекцияның бұл түрі адамнан адамға жұқпайды,-деді Дәурен Рыскелдиев.  

Орталық басшысының орынбасары АИТВ инфекциясы анықталған адамдарға жеке-жеке психологиялық көмек көрсетілетінін атап өтті. Ең алдымен инфекция анықталған эпидемиологиялық ошақта эпидемиологиялық зерттеу жүргізіледі.

Ол жерде ауруды жұқтыру көзін анықтап аламыз. Одан кейін жаңа айтып өткенімдей, орталықта емдеу-алдын алу және диспансеризациялау бөлімі бар. Сол бөлімде ол адамды арнайы ПСК кабинетінен өткізіп, психоәлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіледі. Арнайы инфекционист дәрігердің бақылауынан өткен соң бұл жерде біз тек қана антиретровирустық  терапия  тағайындайбыз. Яғни, науқастардың вирустық жүктемесін арттырмай, бір орнында басып тұру үшін емдеу тағайындалады. Себебі АИТВ инфекциясы 100 пайыз емделмейді және ол үшін  вакцина әлі табылған жоқ,-деді спикер.

Айта кетейік, 1 желтоқсанда – Дүниежүзілік СПИД-ке қарсы күрес күні. Осыған орай Түркістан облысында «Адам құқықтары жолында – дұрыс жолды таңда» деген тақырыппен он күнге жалғасатын акция  өтпек. Аталған іс-шара аясында орталық мамандары халыққа АИТВ мен СПИД-тің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді.

Зарина Арман
Бөлісу: