Түркістан облысында ауыз су саласындағы өзекті мәселелер талқыланды

12 Қаңтар, 07:15 906

Түркістан облысының бірқатар аймақтарында ауыз су мәселесі әлі де өзекті. Кейбір аудандарда табылған су тартылып кетсе, енді бірінде ұңғыма қазу жұмыстары нәтиже бермеуде. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш, Келес аудандарына арнайы іс-сапармен барды. Онда елдімекендердегі ауыз су саласындағы қордаланған мәселелерді көріп, шешу жолдары талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, аймақ басшысының бірінші орынбасары алдымен Сарыағаш ауданындағы «Нұра» топтық су жүйесі РМК-нің жұмыс барысымен танысты. Тазартылған ауыз су Сарыағаш қаласы мен аудан аумағындағы 16 елдімекен және Келес ауданындағы 8 елдімекенді ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Жалпы 134 мыңнан аса тұрғынға ауыз су берілген. Одан кейін іссапар Құркелес ауылдық округінің Дастан елдімекенінде жалғасты. Кестемен берілетін нысандарда ауыз су көлемі төмендеген және су тазартқыш сүргілері жарамсыз күйге түскен. Нәтижесінде тиісті сала өкілдеріне нақты тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта ұңғымаға жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады.

Оқи отырыңыз: 

Сонымен қатар облыс әкімінің бірінші орынбасары Келес өзенінің бойынан бұрғыланып жатқан су ұңғымасының құрылысымен танысты. Мердігер мекеме өкілінің айтуынша, бұған дейін жүргізілген бұрғылау жұмыстары нәтиже бермеген. Қазіргі таңда Келес өзені маңынан 200 метр ұңғыма қазылуда. Қажетті су қоры анықталған соң Алпамыс батыр ауылдық округінің Ақжол және Қауыншы елдімекендері ауыз сумен қамтылатын болады.

Келес ауданындағы іссапар Біртілек ауылдық округінің Игілік елді мекенінде жалғасты. Онда ауыз су жүйелерінің құрылыс жұмыстары аяқталған. Енді мемлекеттік қабылдау рәсімдері аяқталған соң «ҚазСуШар» РМК-ға қарасты «Оңтүстікауызсу» филиалының «Сарыағаш ТСЖ» өндірістік бөлімшесі мекемесіне сенімгерлік басқаруға өткізіледі. Нәтижесінде 1 151 тұрғын ауыз сумен қамтылады.

Іссапар соңында Зұлпыхар Жолдасовтың төрағалығымен Келес ауданы әкімі аппаратында Келес, Сарыағаш, Мақтаарал, Жетісай, Шардара және Қазығұрт аудандары әкімдерінің қатысуымен жиын өтті. Жиынға су саласына жауапты министрлік өкілдері, ауыз су саласына қатысты мекеме басшылары мен мердігер мекеме өкілдері қатысты. Онда нысандарды аралау барысында көрілген кемшіліктерді жою жөнінде сөз қозғалып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды. Бұдан өзге жиында кестемен берілетін ауыз су нысандарының мәселесін шешу жолы талқыланды. Тиісті сала басшыларына арнайы іс-шара жоспарын бекіту тапсырылды.

Перизат Саденова
Бөлісу: