Түркістан облысында ауыл мұғалімі әлем тілдеріндегі 100-ден аса өлеңді қазақ тіліне аударған

5 Қазан, 19:28 568

Түркістан облысы Келес ауданындағы N8 Т.Бегманова атындағы жалпы білім беретін мектебінің өзбек тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Робия Дустанова  қазақ классик ақындарынан және қазіргі қазақ поэзиясынан 135 өлеңді өзбек тіліне аударған, сонымен қатар түрік, әзірбайжан, құмық, өзбек, қарақалпақ, орыс тілдерінен 111 өлеңді қазақ тіліне аударған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Білім басқармасының мәліметінше, ұлағатты ұстаз Қазақстанға 2000 жылдардың басында көшіп келген. Айтуынша, бала күнінен ақындық өнерге қызыққан.

Бүгінгі күні балаларға өзбек тілі мен әдебиетінен сабақ беремін. Сонымен қатар сабақ барысында әлем ақындарының өмірі мен шығармашылығын зерттейміз. Қазақ тілінен өзбек тіліне Мұқағали Мақатаевтың шығармаларынан 50 өлең, басқа қазақ классик ақындарынан 41 өлең,заманауи қазақ поэзиясынан 44 өлең, жалпы 135 өлең аудардым. Өзбек тілінен қазақ тіліне келсем, Умида Абдуазимовадан жеке аударма кітаптағы 44 өлеңді, басқа өзбек ақындарынан 52 өлең, қарақалпақ тілінен Бердақтан 1 өлең, орыс поэзиясынан 6 өлең, құмық тілінен 5 өлең, түрік және әзірбайжан тілінен 2 өлең аударғанмын. Әлі де шығармашылық ізденістемін,-дейді Робия Қамшыбекқызы.

Ұлағатты ұстаз облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен форумдарға қатысып тұрады. Ақын ұстаздың жинақтары Түркия, Өзбекстанда басылған жинақтарға да енген.

Мектеп мұғалімі қазіргі таңда аталған білім ордасында жас ақындарды тәрбиелеп, балаларға сапалы білім беруде. 

Перизат Саденова
Бөлісу: