Түркістан облысында 30 жыл отасқан күйеуін өлтірген әйел сотталды

16 Қазан, 10:15 679

Түркістан облысында 30 жыл отасқан күйеуін қылқындырып өлтірген әйел сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

50 жастағы сотталушының сөзінше, ол бұл әрекетке ішкілікке салынған жұбайы тарапынан болған зорлық-зомбылық әрекеттерінен шаршағандықтан барған. 

Сотталушы жұбайының мас күйінде үйіндегі баспалдақта отырғанын көріп, оған жақындап, кардиганның белбеуін шешіп, оны жұбайының мойнына кигізіп, екі бағытқа қарай тартқан. Нәтижесінде, жұбайы оқиға орнында қаза болған, - дейді облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының судьясы Сәкен Тұрғынбаев. 

Сотталушы мен марқұмның ортақ төрт баласы бар. Төртінші баласы шақалақ кезінде, күйеуі ішіп келіп, бала жатқан кереуетті төңкеріп тастаған. Соның салдарынан баланың оң жақ бөлігі жарақат алып, дамымай қалған. Сотталушының айтуынша, жұбайы кіші ұлын физикалық кемістігі үшін үнемі ұрып-соққан.

Жұбайы мас күйінде үйге келген күндері анасы мен балалары далада, арықта түнеген кездері болған. Бұл жағдайларды сотта көршілері растаған. Күйеуін өлтірді деген әйел 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: