Түркістан облысына саяхаттап келушілер саны артты

28 Маусым 2023, 02:10 1612

Түркістан қаласында жаңа мәдени және туристік нысандар көбейіп, келушілер саны да арта түскен. Облыстағы туризмнің даму барысы туралы өңір басшысы Дархан Сатыбалды баспасөз мәслихатында хабарлады, деп жазды El.kz ақпарат агенттігі.

Облыстық әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, өңірде туризмді дамыту бойынша облыста 3 негізгі бағыт айқындалған. Тарихи-танымдық бағытта туристерге 1770 тарихи-мәдени ескерткішті тамашалау ұсынылады. Экологиялық туризм бойынша облыс аумағында 4 ерекше қорғалатын табиғи нысан орналасқан. Олар: «Ақсу-Жабағылы», «Қаратау» қорықтары, «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі және «Сырдария-Түркістан» өңірлік табиғи паркі. Экологиялық туризмді дамыту мақсатында 30 туристік маршрут құрылған.

Емдік-сауықтыру туризмі бағытында 72 емдік сауықтыру орны жұмыс істейді, нөмірлік қоры 7 940 төсек-орынды құрайды.

Жыл соңына дейін 2 емдік-сауықтыру кешенін пайдалануға беру жоспарлануда.

Жалпы, аталған бағыттар бойынша былтыр облысқа 470 мыңнан астам турист және 1 миллионнан астам қонақ келді.

Туризм саласына 69 млрд. теңге инвестиция тартылды. Осы арқылы 19 туристік инвестициялық жоба аяқталып, пайдалануға берілді. Биыл 35 млрд теңгеге 10 жобаның іске қосылады деп күтілуде.

EL.KZ
Бөлісу: