Түркістан облысына 700 мыңнан астам тонна көмір қажет

20 Қыркүйек, 23:12 658

Түркістан облысына 700 мыңнан астам тонна көмір қажет. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Спикердің айтуынша, облыста алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары кестеге сәйкес атқарылуда және өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. 

Бүгінде өңірде 34 жылу энергетика кешені және 1 622 автономды қазандық бар.

Облыстың көмір отынына қажеттілігі - 700,9 мың тоннаны құрайды. «ҚТЖ» АҚ ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда облысқа 189,8 мың тонна көмір кіргізілген (27,1%). Шымкент қаласына жақын орналасқан Ордабасы, Бәйдібек, Қазығұрт, Сайрам аудандары Шымкент қаласындағы көмір қоймаларынан тасымалдайды. Ал облыстың жылыжайлары үшін қажетті көмір көлемі - 282,9 мың тонна. Жылыжай иелері қажетті отынды алу үшін тікелей «Шұбаркөл» АҚ-мен келісім шартқа тұрған. Сондай-ақ, бюджеттік мекемелер үшін 99,8 мың тонна көмір сатып алу жоспарланып, бүгінгі күнге 91 пайызы жеткізілді. Қазіргі таңда аймақта қара отынның тоннасы - 19 850-22 000 теңгеден саудалануда,-деді басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, облысқа қажетті 7,8 мың тонна әлеуметтік мазутты ҚР Энергетика министрлігі тарапынан оператор мекемелері анықталып, бағасы бекітіліпті. Тасымалдау бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр екен.

Зарина Арман
Бөлісу: