Түркістан облысы кәсіпкерлері Үкіметке өз ұсыныстарын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
ҚР ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов бизнес өкілдерімен, Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының салалық және аудандық кеңес мүшелерімен кездесіп, жаңа салық реформасын талқылады. Кездесу барысында қатысушылар жаңа Салық кодексіндегі өзгерістер жайын айтып, оның бизнеске ықпалын саралады.
«BNK Group LTD» ЖШС бас директоры Ниязалы Бейсенбаев Қазақстанда қосылған құн салығының 20%-ға көтерілуінің агроөнеркәсіп кешен өндірушілеріне ықтимал әсеріне тоқталды.
Өз кезегінде, ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Құдайбергенов қазіргі уақытта аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейтінін, ал заңды тұлғалар қолданыстағы жеңілдіктердің арқасында бюджетке төленуге тиісті салықтардың тек 30%-ын ғана төлейтінін атап өтті. Кездесу барысында бизнес өкілдері салықтық жүктеменің артуына байланысты алаңдаушылықтарын білдіріп, өз ұсыныстарын жеткізді. Ал Ұлттық экономика министрлігі өкілдері барлық пікір мен ұсыныстардың назарға алынатынын мәлімдеді.