Түркі мемлекетінің бастауы. Шабандоз-мәмлүк деген кім?

23 Қараша 2022, 02:30 3195

Мысыр мен Шам жерінде қыпшақ билігі шабандоз бен тұлпар-сәйгүлікке негізделген және осы екі фактордан туындаған абсолюттік билік болғандығы белгілі. Халифат аумағында түркі, қыпшақ бозбалаларының әскери мақсатқа пайдалануға әкелінуі, олардың билік басына келуі, атақты қыпшақ сұлтандары туралы егжей-тегжейлі жазылғандықтан және кітаптың мақсаты мәмлүк қыпшақтардың соғыс ісін өнер дәрежесіне көтергендігін көрсету болып табылғандықтан бұл тарауда сол заманның мұсылман тарихшылары оларға берген бағасы, олар өткен әскери мектеп, машықтанған әскери дайындық түрлері мен тәсілдері, сыртқы бейнелері туралы әңгіме қозғаймыз.

Қазақ тілінде шабандоз сөзі – епті, атқа жақсы отыратын адам деген мағынаны білдіреді. Ал «Шабандоздың қолы қатты, тақымы тас» деген кезінде бұл сөздің мағынасы кеңірек болған деп пайымдаймыз. Осы сөздің араб тіліндегі баламасы фурусия сөзі ат үстінен қару жұмсаудың барлық түрін қамтитын әскери сала дегенді білдіреді және қыпшақ мәмлүктер билігі кезінде, түрлі қару түрлерімен жекпе-жекке шығумен өз жалғасын тапты.  

Қыпшақ мәмлүктері құрған мемлекет, іс жүзінде, Түркі мемлекеті еді.  Ортағасырлық мұсылман тарихшыларының барлығы  Мысыр мен Сириядағы қыпшақ билігін түркі мемлекеті деп атаған. Мысыр тарихшыларының атасы саналатын әл-Мақризи (1356-1441 жж.) түркі мемлекеті, түркі әскері деген тіркестерді қолданады. Тарихшы әл-Айни (1361-1451 жж.): «Түркі мемлекеті Мысыр жерінде құрылып, кейін оған Шам, Алеппо, Евфрат өзеніне дейінгі жерлер енді, Жерорта теңізі жағалауындағы қамалдар, исмаилиттер бекіністері қарады. Рүм мемлекетіне дейін жетті. Оған Йемен мен Хиджаз бағынды», – деп жазады.

Мәмлүк түркі мемлекетінің басында шексіз билік иесі сұлтан отырған. Сұлтан әр түрлі  мемлекеттік мәселелер бойынша ірі бектер мен тәжірибелі мәмлүк ақсақалдарымен ақылдасып барып, шешім қабылдайтын, бірақ, жеме-жемге келгенде ол абсолюттік билік көзі саналатын.

Қыпшақ мәмлүктері заманында жасаған әскери теоретик Ибн Меңлібұға көрсеткендей мәмлүк әскерінің басында тұрған қолбасылардың көпшілігі  ерекше қасиеттері бар тұлғалар еді.  Мысалы, тарихшы «Кейбір қолбасылар соғысқа бірге шыққан төрт мың жауынгердің әр қайсысының аты-жөнін, шыққан жерін, түр-сипатын, қылышын, кемер белбеуін, соғыс кезіндегі мүмкіндігін толық білетін болған», – дейді.    

Қыпшақтар Египет пен Сирияда 1250 жылы құрған түркі мемлекеті, жалпы алғанда, түркі дәстүрі мен тілі 1514 жылы Осман империясының осы жерлерді басып алуымен одан әрі жалғасты.  

 «Түркілердің басқа барлық жауынгерлерден артықшылығы туралы кітап» деген шығарма жазған Ибн Хасул (1058 жылы қ.б.): «Түркілер ішер аста, киер киімде, мінер атында иесімен тең жүрмесе ырза болмайтын. Басқа сатылып алынған және тұтқынға түскендер секілді жер сыпыру, жылқы күту және т.б. сол секілді өздері ұят санаған жұмыстарды мүлдем істемейтін. Ал бас бостандығын алған түркілер әскери қызметке алынған соң әскербасы, топ басы, басқа да бұйрық беретін жұмыстарға ұмтылатын, басқа істерді қабыл алмайтын», – деген тұжырымдар жасайды.

Дулат ақынның келесі жыр жолдары билік пен батырлық халық мүддесі үшін екендігін паш етеді:

...Би мен бектің сәні жоқ:

Елін қорғай алмаса,

Тура жолға салмаса,

Ыстығына күймесе,

Суығына тоңбаса;

Батырлықтың сәні жоқ;

Түн ұйқысын төрт бөліп,

Елерген тұлпар ерттеліп,

Толғаулы найза қолға алып,

Тұйғын құстай толғанып,

 Сары садақ асынып,

Егескен жауды қашырып,

Ұлын қорып жауынан,

Ереулеген егер дауынан,

Тұтамдап оқ жонбаса...

Әскери тақырыпқа жазған Тайбұқа (өмір сүрген жылдары белгісіз, бірақ қыпшақ мәмлүктер заманында шығармасын жазған): «Мәмлүктің серігі – қылыш, досы – найза, қанжары – құпиясы», – дейді.

Ортағасырлық тарихшылар түркілерді мақтауда аянбаған себебі мәмлүктер ондай мақтауды қан майданда ақтаған. Байбарыс, Бөрі, Ақсұңқар, Құтыз, Қалауын, Байқара, Қылыш, Кекілді, Тұрымтай, Хан секілді түркі адам аттарының өзі қаһарлы естілетін, мағынасы да орасан әсерлі еді.

Қазіргі араб тарихнамасында мәмлүктерге қатысты екі түрлі көзқарас бар екенін айта етуіміз керек. Оның біріншісі бойынша мәмлүктер Ислам әлеміне Шығыстан және Батыстан төнген қауіпті тоқтатқан ержүрек топ, екіншісі бойынша билікті күшпен тартып алған озбыр топ, бұрынғы құлдар.

Осы көзқарас қазіргі тарихшылар арасында да бар. Мәмлүктердің шыққан тегі түркі, араб иеліктері 1000 жылға жуық түркілердің, кейін түріктердің қол астында болғандықтан оларды араб ұлтшылдары қабылдай алмайды. Крестшілерге қарсы жан аямай соғысқандардың ішінен шыққан тегі түркі емес (оның өзіне түрік ғалымдары күмән келтіруде) Құдыс қаласын крестшілерге тапсырған Салахуддин Аюбиді араб тарихнамасы ұлықтайды, ал аттары түркіше Байбарыс, Құтыз, Қалауынның сіңірген еңбектері керекті дәрежеде айтылмайды.    

Қыпшақ мәмлүктер билік басына келмей тұрып, билікті алған соң да  «Өзіңді өзің жаттай сыйла, жат жаныңнан түңілсін» – деген принципті ұстанған. Мысалы, 1343 жылы қажылыққа кеткен 1 мәмлүк бегін баласымен көшпелі арабтар Мекке маңында өлтіріп кеткенде сонау Каирде отырған қыпшақ сұлтаны Мысырдан 2000, Дамаскіден 600 мәмлүкті Хиджазға кек алуға жедел аттандырады. Тарихшылар жорыққа шыққан мәмлүктер дулыға, сауыт-сайман киіп, әрқайсысы 100 жебе, екі жағы бар балта (бір жағы шабу үшін, екіншісі ұру, мылжалау үшін) алып, үш ат (екі араб, бір түркі аты), екі түйемен шыққанын жазады. Сұлтан жорыққа аттанып бара жатқан әскер басшыға: «Янбодан асқан соң басыңды көкке көтерме, жерге қара. Жолыңда кездескен арабтардың барлығының қанын төк, тек араб әмірі дегенді ғана қол-аяғын матап алып кел», – деп тапсырады. Мүмкін араб тарихшылары осындай фактілерден жабайы ұлтшылдық айқындама ұстанатын шығар. Бірақ мәмлүктердің дін жолында және араб ұлтының мүдделері үшін жасаған қызметі орасан зор. Ислам діні үшін қисапсыз түркі қаны төгілген.

Жас жауынгерді тәрбиелеу

Қазақ сыншылары кезінде адамның, негізінен бозбалалардың сыртқы тұрқына қарап, оның жауынгерлік икемділігін анықтайтын. Қазақтың жылан қайыс дәстүрінде ел қорғар жауынгерді тәрбиелеудің бір сатысы көрініс берген десе болады. Болашақ ел қорғаны деп 4-5 жасар баланы ұстаның бұтынан екі рет өткізіп, қару-жарақ, сауыт-сайман ұстатып, отпен ұшықтайды.

 Қойбағар би: «Тұлпар болар жылқының, Тұлғасы тұрар құлында. Батыр болар баланың, Белгісі болар сұрында», – деп дәл айтқан.       

Мәмлүк мамандары таңдаған 10-15 жас аралығындағы жас қыпшақтарды сатып алған соң, Каир қаласын ол кезде жанап ағып өтетін Ніл дариясында орналасқан аралдағы әскери жатақтарға орналастырмас бұрын оларды медициналық тексеруден өткізетін. Оның мақсаты біріншіден, бозбаланың әскери қызметке жарамдылығын анықтау, дене мүшелерінің бүтіндігіне, ақыл-есінің дұрыстығына көз жеткізу, казармадағы басқа мәмлүктерге жұғып кетпеуі үшін жұқпалы аурудан ада екендігін білу еді.

Тарихшылар сырт елдеден сатып алынған жас балаларды бірден әскери іске үйретпеген, алдымен Ислам дінінің негіздерін, теологиялық пәндер, хат тану, құсни хат, шариғатқа негізделген әдепке баулыған деп көрсетеді. Яғни әскери тәрбие алдында дін жолында соғысатын, не ғази не шейіт болудан басқа жолды таңдамайтын жауынгерлік рухты енгізуге тырысқан. Оқу және жазу негіздерін үйренген курсантқа алғашқы әскери жалақы тағайындалатын. Осы кезден бастап мәмлүктің әскери мансаптарда өсу болашағы оның жеке қолында, мінезінде, тапсырманы орындау біліктігі мен қару жұмсаудағы жеке шеберлігіне қатысты еді. Сұлтан әскери мектепте барынша қатал тәртіп қалыптасуына талап ете отырып, жас мәмлүктерге әкедей қамқорлық жасаған. Мәмлүк сұлтаны жас мәмлүктерге киімнің ең жақсысын, тамақтың ең дәмдісін бергізген, мырзалық жасап, озықтарға әрдайым сыйлықтар беріп отырған.   

Дін негіздерін, арабша жазу және оқу негіздерін үйреткенмен ұстаздардың алдына оларды араб тілінде сөйлету міндеті қойылмаған. Мәмлүктердің негізгі тілі қызметін 300 жылға жуық түркі тілі атқарды. Билеушілер өзара түркі тілінде, жергілікті халықпен аудармашы, тілмәш арқылы сөйлескен.

Дін негіздерін үйренген соң казармадағы жас мәмлүктер әскери дайындық бағдарламасын орындауға кірісетін. Садақ ату, найза, қылыш, шоқпар жұмсау, саппен соғысу, жаяу және атты әскерге қарсы жаяу ұрыс жүргізу тәсілдері үйретіледі. Сондықтан мәмлүк әскері жаяу да ат үстінде де бірдей соғыса алатын.

 

Атқа міну

 

Жалпы алғанда, мәмлүктердің әскери дайындығы жылқы малымен тығыз байланысты еді. Себебі, атты әскер – әскердің негізгі күші, тез шабуыл жасап, тез шегініп кете алатын әскери бөлім. Әл-Джаһиз: «Атты әскер су шығаратын шығырдағы шелектер секілді жау әскерін қоршап ала алады немесе адам басындағы шаш секілді олардың ұйпа-тұйпасын шығара алады. Торуылға, әскердің алдына және арт жағында орналасатын атты әскер. Атты әскер – айтулы күндерді, үлкен соғыстарды, ұлы жеңістерді  бастан кешкен. Соққы беретін бөлімшелер мен қосындар солардан құрылмайды ма? Олар байрақтарды, жалауларды, дауылпаздарды көтеріп, сауыт киініп, қоңыраулатады. Олардың өмірі – жылқының кісінегені, қараңғы түндер, ат қайырған дауыстар, киім мен қару-жарақтың жел соққан дыбысы, шапқан аттың тұяқтарының дүбірі, жауды өкшелеп қуғанда жетуге және қуғыншылардан құтылуға тырысу», – деп жазған.

Жылқы малы дегенде оның сұрыпталған, бапталған түрлері, яғни жүрдек, жүйрік түрлерін пайдаланған. Мәмлүктер атқа міну, шабу, бәйгеге қатысу шабандоздық негізі деп санаған. Мәмлүк әскери нұсқаушылары ең алдымен жас мәмлүкке атқа дұрыс отыра білуді үйрететін. Ол үшін ағаштан аттың тұлыпын, қарақшысын жасап, жас мәмлүктер ұзақты күн соған қарғып мініп, секіріп түсуді машықтанады. Аттың сұлбасына жеңіл мініп түсуге үйренген бозбала ағаш аттың үстіне ер-тұрман салып жаттығуын одан әрі жалғастырады. Ерттеулі «атқа» мініп-түсуді, ер үстінде дұрыс отыруды әбден үйренген мәмлүк қару-жарақ асынып келіп, мініп-түсу жаттығуларын одан әрі жалғастырады.

Жас мәмлүктерді дайындаудың келесі кезеңі тірі, бірақ жайдақ атқа мініп үйренумен жалғасын табады. Мәмлүк әскери практиктерінің еңбектерінде жайдақ атқа мініп үйренбеген мәмлүктің «тақымы бос, әрдайым ер үстінде өзін ыңғайсыз сезінеді, сенімсіз болады» деп санаған.  Ер үстінде қопаңдап қалатын мәмлүк ат жалт бұрылып, үріксе, шапқан кезде немесе кенеттен тоқтаса немесе тоңқыса аттан құлап қалады деп есептеген. Сондықтан жас мәмлүкті әскери тәртіппен атқа мініп-түсудің әр қимылын бүге-шігесіне дейін үйреткен. Осы жаттығулар кезінде жас мәмлүктің атпен жүріп кетуіне немесе шауып кетуіне рұқсат етілмеген. Осы кезден бастап жас мәмлүкке аттың жайын, жағдайын түсінуді, оның ауруларын анықтай және емдей білуді қоса үйретеді.

Сонымен жас жауынгер алдына тартылған жайдақ немесе үстіне тоқым салынған аттың сол жағынан, мойнына таман келіп тұрады. Белгі бойынша сол қолындағы тізгіннің бір ұшымен қоса аттың мойнына таман жалынан ұстап тік қарғып атқа отыру керек. Атқа қонған соң арқасын тіктеп, екі қолмен тізгінді бір жерден ұстап, сәл алға еңкейіп, тақымды қысып отырады. Жайдақ атқа қарғып мінуге бойы жетпегендер біраз уақыт мәстек жылқыға мініп-түсуге жаттығып, бірте-бірте шоқтығы биік жылқыларға мінуді үйренеді. Осы қозғалыстар әбден үйреншікті деңгейге жеткенше аға мәмлүктердің бақылауымен қайталана береді.

Ағаш, жайдақ атқа қарусыз, қарумен жылдам, есепті мініп-түсуді үйренгеннен соң ғана жас мәмлүк ерттелген атқа жақындай алады. Мәмлүк ерттеулі аттың сол жағынан келіп, үзеңгіден сәл кейінірек, артқа таман тұрады. Белгі бойынша шылбырдың бір шеті және тізгінді ұстаған сол қолымен аттың ер-тоқымға таманғы жалынан ұстап, сол аяғын үзеңгіге іледі, бірақ аяғын толық кіргізбейді. Ат ауыздығын сезуі үшін сол қолдағы тізгінді сәл тартып ұстайды. Олай болмаса ат орнынан жылжып кетуі мүмкін. Үзеңгідегі сол аяғын аттың қолтығына емес аяғына қарай алға беріп жылдам ер үстіне отыруы керек. Мінгенде оң қолымен ердің артқы қасын ұстауға да болады.  

«Атқа отырғанда аттың құлағында ойнайтындар сол аяқтарын үзеңгіге бірден ілген. Одан соң екі аяқты үзеңгіге толық салып, тіктеп тұрып үстіндегі киімді жөндеу керек. Атты орнынан өкшені ақырын қимылдатып жылжыту керек. Атты денемен, не аяқтармен ұрып жүргізуге болмайды», – деп жазады  Ибн Хузейл. Ол сонымен қатар: «Шебер шабандоздар екі санға отырып, аяқты үзеңгіге тіреу керек деп санайды. Сонда адам ат үстінде тұрып тұрған секілді болады. Найзамен соғысқанда оң аяққа, садақ атқанда сол үзеңгіге салмақ түсіру керек», – деп  жазған.

Атбегі айылы тартылмаған атқа міну тәсілін де баяндайды. Ол үшін сол қолмен аттың сауырынан оң үзеңгіні өзіне барынша тартып, сол аяқты сол үзеңгіге салып, оң қолмен ердің алдыңғы қасынан ұстап жылдам атқа отыру керек.

Жас мәмлүк бастапқы кезде кең ерттеулі атқа мініп үйренеді. Бір шылбыр, тізгінге ие болуға машықтанады. Осы қарапайым тәсілдерді меңгеріп, атқа сауыт-сайманмен жеңіл және оңай мініп-түсе алса найза, сүңгіден бастап қылыш, айбалта, шоқпар, садақ секілді қару түрлерін қолына ұстап атқа қонуды шыңдайды.

Жас мәмлүктің икемі осы қимылдарды жеңіл жасауға келген кезде ғана оған мінген атымен орнынан қозғалуға рұқсат беріледі. Оның өзінде алдымен атты қадамдап жүргізу, аяңдату, желу, шоқырақ және шабуға жаттыға бастайды. Келесі кезекте мәмлүк шауып келе жатқан аттан түсіп-мінуге, аттан құлауға, босанып кеткен атын қайта ұстауға, аттың артына мінгесуге, екі атты алып жүруге, шауып келе жатып ауысып міну секілді күрделі керек десеңіз, акробатикалық қимылдарға жаттыға бастайды.  

Атты тоқтатудың да мәнісі болған. Ат үстінде келе жатқан мәмлүктің тізгінді күрт тартып, астындағы атының басын қатты, ауыздығын керіп тоқтатуы дөрекілік саналған. Жылқыны тоқтату үшін тізгінді үш қайтара, бірінен соң бірін қаттырақ тарту керек. Ақылды жануар иесінің  ойын тез түсініп, тізгінге тез бағынады. Ибн Меңлібұға бұл жөнінде: «Тізгінді ұстап атты ақырын-ақырын шабандоз секілді, кейбір араб білместері секілді емес тоқтату керек. Олардың аттары бір аяқтарына ақсақ келеді. Оның себебі атпен қатты шауып келе жатқанда оң не сол жағынан артқа бұрады. Сондықтан атқа жоғарыда айтылған залал келеді.Олар бірдеме білеміз деп ойлайды».

Денесі мен астындағы атын үйлестікте басқара алатын деңгейге жеткен жас мәмлүк ат үстінде қаруды алып жүруге, жерге түсіп қалған қаруын шауып бара жатып алуға үйренеді.. Бұл әрекеттерді жете меңгеру ұрыс жағдайында мәмлүкке пайдалы іс-қимылдарға үйретеді. Көшпелі қазақтың күміс алу, салма салу секілді шауып келіп, ат үстінен жердегі салмаға тастаған серкені қолдың ұшымен іліп әкету. Бұл ойын – жігіттің қолының қарымдығын, қарулылығын, аттың белділігін көрсететін, майдан кезінде ат үстінен жердегі қаруды іліп алу, жаралы жолдасын құтқаруға жаттықтыратын әдіс.

Осы әрекеттер мен іс-қимылдарды жете меңгерген мәмлүк ат үстінде қару қолдануға, жекпе-жекке шығуға дайын саналған. Ат үстінен қару қолданып жаттығу жылқының биіктігіндей ағаш қарақшыны түйреу, садақпен қабақ атумен жалғасатын.

 

Қайрат Сәки
Бөлісу: