Түркі елдерінің басшылары Анкарада бас қосады

16 Наурыз 2023, 12:35 3448

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған делегация мінген ұшақ бүгін таңертең Анкара халықаралық әуежайына қонды. Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының кезектен тыс саммитіне қатысады.

Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған түркі елінің басшыларын және Ұйымның Бас хатшысы Қуанышбек Өміралиевті Анкарадағы президенттік кешенде қарсы алады. Сапар аясында Тоқаевтың түрік президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесуі жоспарлануда.

Түркияның Сыртқы істер министрі Мевлют Чавушоглу өзінің Twitter-дегі аккаунтында: «Біз 2023 жылғы 16 наурызда Анкарада құрметті президент Режеп Тайып Ердоғанның төрағалығымен  төтенше жағдайлар және гуманитарлық көмек көрсету тақырыбында Түркі мемлекеттері ұйымының мемлекет басшыларының кезектен тыс саммитін өткіземіз», - деп жазды.

Түркі мемлекеттері ұйымы басшыларының кезектен тыс саммиті «Табиғи апаттарды басқару және гуманитарлық көмек» тақырыбына арналған. Саммит Түркияның оңтүстік және оңтүстік-шығыс аудандарындағы жақында болған жер сілкінісіне байланысты төтенше жағдайларды талқылауға арналған алаң болады.

Түркі елдерінің басшылары апаттарға қарсы күресте ынтымақтастық пен үйлестірудің көпжақты тетіктерін нығайтуды талқылайды, сондай-ақ өңірдегі ағымдағы қауіп-қатерлер бойынша кеңесулер өткізетін болады.

Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер мен бақылаушы мемлекеттер күрделі кезеңде Түркияға іздестіру-құтқару топтарын жолдап, гуманитарлық көмекпен бауырластық байланыстарды нығайта отырып,  үлкен ынтымақтастықта болып, көмек көрсеткені белгілі.

Саммит қорытындысы бойынша президенттер Анкара декларациясына қол қояды деп күтілуде.

Саммит алдында Түркі мемлекеттері ұйымының Сыртқы істер министрлерінің кеңесі мемлекет басшылары талқылайтын күн тәртібіндегі тармақтар бойынша қорытынды жұмыстар ауқымын жүргізді.

Сонымен қатар, Түркі мемлекеттері ұйымының Түркі мемлекеттері ұйымының ақсақалдар кеңесінің мүшелері де саммитке қатысады.

Бұрын Түркі кеңесі деп аталған бұл құрылым түркі елдерінің арасындағы өзара қарым-қатынасты одан әрі нығайту үшін бірлесіп жұмыс істейтін халықаралық ұйымға айналды.

Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Өзбекстан Ұйымның мүшелері, ал Венгрия, Түрікменстан және Солтүстік Кипр Түрік Республикасы бақылаушы мәртебесіне ие.

Бұл іс-шараның негізгі мақсаты - апаттардың салдарын жою жөніндегі бірлескен күш-жігерді үйлестіру және жұмылдыру мәселелері болып табылады. Ұйым қызметі шеңберінде төтенше жағдайларды басқаруға және гуманитарлық көмек көрсетуге байланысты нақты сұрақтар талқыланады.

Қайрат Сәки
Бөлісу: