Туристер арасында Қазақстандағы ең танымал демалыс орындары

14 Маусым 2023, 13:42 2812

Шекара қызметінің деректері бойынша өткен жылы Қазақстанға 4,7 млн шетелдік келген. Олардың 92 пайызы посткеңестік елдерден, 2,7 пайызы Еуропадан, 2,93 пайызы Таяу Шығыстан, 1,6 пайызы Азиядан және 1 пайыздан аз бөлігін басқа мемлекеттерден келеді.

Соңғы 4 жылда Таяу Шығыс елдерінен келушілер саны едәуір ұлғайған. Мысалы, 2019 жылмен салыстырғанда Сауд Арабиясынан келушілер саны 6 есеге, Оманнан 5 есеге, Кувейт пен Бахрейннен 4 есеге, Катардан 2 есеге өскен.

Бұған дейін Дүниежүзілік туристік ұйым (UNWTO) пандемиядан кейін туризмнің қалпына келуін 2024 жылдан кейін болады деп болжам жасаған. Дегенмен пандемиядан кейін Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде туризм саласы жақсы қарқын ала бастады.

Еліміздің туристификация картасына 68 туристік обьект енгізілген, оның ішінде 29 республикалық деңгейдегі туристік обьектілер. 

Соның ішінде шетелден келген туристер арасында Қазақстандағы ең танымал демалыс орындары белгілі болды. Олар: Алматы өңірінің тау кластері, Щучье-Бурабай курорттық аймағы, Баянауыл курорттық аймағы, Түркістан, және Маңғыстау облысы.

Алматы өңірінің тау кластері

Алматы туристерді керемет табиғатымен, қолайлы ауа-райымен және қоңақжайлығымен тартып тұрады. Сондықтан да Алматы елімізде туристер ең көп келетін аймақтардың қатарына жатады. Туристер арасында Алматыдағы ең танымал жерлер: Қайыңды көл, Шарын шатқалы, Шымбұлақ, Үлкен Алматы көлі, Ұлттық Көлсай паркі және Алакөл.

Қайыңды көл. Алматы облысындағы сел көшкіні жылжығанның нәтижесінде бір ғасырдан астам уақыт бұрын пайда болған көл. Алматыдан шығысқа қарай 280 шақырым жерде қарағайлы мен жапырақты ормандармен жабылған Күнгей Алатауында орналасқан. Суы әрдайым төмен температураны сақтап тұрады, табиғаты жанға тыныштық сыйлайтын бірден бір мекен.    

Шарын шатқалының Шарын өзенін 154 шақырым бойлай жатқан табиғи нысан. Шарын өзенінің барлық нысандары 2004 жылдың 23 cәуірінде құрылған Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің құрамына кіреді. Онда Шарын шатқалынан басқа тағы бірнеше шатқалдарды көруге болады.

Шымбұлақ – өзінің шаңғы базасымен танымал жер. Ол курорттық жер ғана емес, онда республикалық деңгейдегі түрлі чемпионаттар өтіп отырады. Керемет табиғат айдынында спортпен айналысуға да үлкен мүмкіндік жасалған.

Үлкен Алматы көлі. Көл мұздықтың суымен нәрленеді. Сондықтан суының түсі ашық және таза. Климаты қоңыржай,  жиі жауын-шашын болады және жазы да салқын.  Ауа райының салқын болуына байланысты өңірде шыбын мен маса мүлде кездеспейді. Сондықтан салқын, қоңыржай ауа-райын ұнататындарға таптырмас демалыс орны.

Көлсай көлдері паркі аумағы дәрілік өсімдіктерге бай, жері құнарлы және нәрлі. Еліміздегі экологиялық таза жерлердің бірі. Өңірден елімізде өте сирек кездесетін жергілікті өсімдіктердің түрлерін көруге болады. Көлсай жоғары және төмен деп екіге бөлінеді. Ауа-райы жағдайы демалу және сауықтыру үшін ыңғайлы, оған сәйкес қысы жұмсақ, ауасы таза, қысқы демалыс түрлері үшін қолайлы. Көлсай көлдеріне жаяу және атты маршруттармен, ал Қайынды көліне дейін автокөлікпен баруға болады. Сол сияқты Алакөлде Қазақстандағы ғажайып көлдердің бірі. Ешқандай өзен ақпайтын тұйық көл.

Щучье-Бурабай курорттық аймағы

Бурабай – өзінің биік балқарағай ағаштары мен таза, мөлдір суы және бір-біріне ұқсамайтын түрлі формадағы тау-тастарымен танымал табиғат кешені. Бурабайдың табиғаты жөнінде аңыз-әңгімелер өте көп. Оның тылсым табиғаты туралы түрлі деректер әлі күнге дейін айтылуда. Бурабайдың табиғаты қысқы демалыс кезеңіне де, жазғы демалыс уақытына өте қолайлы.

Бурабайдың әрбір қия тасына аңыздар негізінде және бейне ерекшелігіне қарай ат қойып отырған: Оқжетпес, Жұмбақтас. «Жұмбақтасты» бір қырынан қарасаң – бұрымды жас қызға балайсың, екінші қырынан қарасаң - орамал тартқан келіншекке балайсың, үшінші қырынан қарасаң – бетіне әжім түскен кемпірге балап таңқаласың.

Баянауыл курорттық аймағы

Баянауылдың – қысы суық, жазы ыстық. Баянауыл тауларының етегінде көптеген бұлақтар, суы мөлдір көлдер бар. Баянауыл тарихи ескерткіштерге бай өңірдің бірі. Баянауыл саябағынан 20-дан аса археологиялық ескерткіштер, қола дәуірінен қалған қорғандар, тастағы жазулар мен таңбалар, үңгірлерді көруге болады. Өңірге адамдар тек қана курорттық мекен ретінде емес, жергілікті шипажай орталықтарына да арнайы келіп жатады. Сондай-ақ, Баянауыл саябағынан еліміздің «Қызыл кітабына» енген өсімдіктердің түрлерін көруге болады.

Түркістан

Еліміздің тарихи астанасы саналатын Түркістан қаласы бүгінде халық арасында «Екінші Венеция» деп аталып кетті. Себебі, қаланың бүгінгі құрылыс сәулеті бұрынғысынан өзгеше. Еліміздің тарихтағы үлкен қалаларының көбісі оңтүстікте орналасқан. Солардың бірі қаланың шығысы тарихи Отырармен шектеседі. Түркістандағы үлкен тарихи кешендердің бірі – Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан.

Мыңғыстау облысы

Маңғыстау облысына туристер бір рет болсын барған соң, өңірдің ерекше энергиясы барын сезінетіні анық. Себебі, Маңғыстау – салт-дәстүрді сақтаған, қоңақжай және тарихи мұралар мен кешендерге бай өлке.  Қазақстанның ыстық нүктелерінің бірі. Өңірде киелі және тарихи кешендер көп. Сондай-ақ, табиғатынан «фантастикалық пейзаждарды» байқауға болады.

Маңғыстау өңірі түйе шаруашылығы дамыған елді-мекендердің бірі. Сондықтан облыстағы елді-мекендердегі әр отбасының қорасынан түйе баптап отырғандарды көруге болады. Түйенің шұбатынан түрлі емдік сусындар дайындайды.

Өңірдегі Бекет ата, Шақпақ ата, Сұлтан үпі және тағы басқа жер асты мешіттеріне Қазақстанның түкпір-түкпірінен зиярат етуге адамдар келіп жатады. Сондай-ақ Үстірт және Бозжыра шатқалы секілді әсем жерлерді қолайлы саяхаттау үшін сізге жол талғамайтын көлік, мол су, жеңіл киім және күн сәулесінен қорғайтын барлық жабдықтар қажет болады.

Миражан Махан
Бөлісу: