Түрік басылымдары бірнеше апта бойы «Ғажайып ғасыр» сериалының жұлдызы Халит Ергенч даулы жанжалға іліккенін хабарлап келеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Актер Айше Барым ісі бойынша сотқа шақырылды. Ол бірнеше әртістің жеке менеджері.. Бұл әйел Ханде Эрчел, Серенай Сарыкая және басқа да танымал түрік жұлдыздарымен жұмыс істеген.
Қазіргі уақытта Айше Барым 12 жыл бұрын орын алған төңкеріс әрекетін қолдады және оған арандатушылық жасады деп айыпталуда. Сондай-ақ, оны үкіметке қарсы наразылықтарға қатысқан және түрік киноиндустриясын монополияға айналдыруға, өз маңына оппозициялық көзқарастағы актерлер мен актрисаларды жинауға тырысты деп күдіктенуде.
Осыған байланысты елдің Бас прокуратурасы Айше Барыммен серіктес болған барлық танымал тұлғаларды куәлік етуге шақырды. Олардың қатарында Халит Ергенч те бар.
Тергеудің бастапқы кезеңінде актер куәгер ретінде сұралған. Алайда көп ұзамай жағдай өзгеріп, прокуратура оны жалған куәлік берді деп айыптады. Тергеу мәліметтері бойынша, Халит Ергенч пен Айше Барым үкіметке қарсы наразылықтар кезінде тығыз байланыста болған. Алайда сотта берген жауабында актер өзін ақтап алуға тырысты. Бұған дейін Халит Айшені тамаша адам деп білетінін және оған тағылып отырған айыптар жалған екенін мәлімдеген еді.
Бұл оқиға осылай өрбиді деп ешкім күтпеген. Енді Сұлтан Сүлеймен рөлін сомдаған актер үшін ең басты міндет – өз кінәсіздігін дәлелдеу. Әйтпесе, ол қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
Айта кетейік, Айше Барым биыл 27 қаңтарда 2013 жылы Стамбұлдағы Гези саябағында үкіметті құлатуға бағытталған наразылықтарды ұйымдастырды деген айыппен қамауға алынды. Түрік БАҚ-тарының мәліметінше, ол 12 жыл бұрын заңсыз әрекеттері үшін өмір бойына сотталған Осман Каваланың жақын танысы болған.