Тұрғын үй нарығындағы баға қалай өзгерді

12 Ақпан, 04:32 819

Бір жылда жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 2,9% өсті, ал қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағалары 4,4% төмендеді, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі.

Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы қаңтарда 4,3% жоғарылады.

Өңірлер бөлінісінде жаңа пәтер нарығында жылдық мәнде баға Қызылорда және Қостанай қалаларында қымбаттады, сәйкесінше 11% және 6,2%. Қолданыстағы пәтерлер нарығында баға өсімінің лидері – Атырау (8,2%) мен Жезқазған қалалары (5,4%), ал тұрғын үйді жалға алу нарығында – Жезқазған (26,7%), Қарағанды (23%) және Атырау қалалары (21%). 

Бір айдың ішінде (2024 жылғы қаңтарда 2023 жылғы желтоқсанға қарағанда) жаңа тұрғын үйді сату бағасы 0,2% өсті, ал пәтерлерді қайта сату 0,4% төмендеді. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі қаңтарда өткен аймен салыстырғанда өзгеріссіз қалды.

2024 жылғы қаңтар айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 31 713 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 6 068 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 25 645 мәміле жасалды. 2023 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда (37 818) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 16,1%-ға көбейді. Мәмілелер саны бойынша бұрынғысынша Алматы (8 246 – 26%) және Астана (5 623 – 17,7%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 274 – 7,2%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 265 бірлік (0,8%).

2023 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 2024 жылғы қаңтарда мәміле бойынша теріс көрсеткіш, Алматы қаласын қоспағанда, Қазақстанның барлық аймағында байқалды, онда 8,6% өсім тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Түркістан (43,1%), Ұлытау (40,7%), сонымен қатар Батыс Қазақстан (35,9%) облыстарында орын алды.

2023 жылғы желтоқсанға қарағанда көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 13,3% (3 935 мәмілеге) азайды. 2024 жылдың қаңтар айында пәтерлер бойынша барлығы 25 645 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 80,9%. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (30,5%), Астана (21,7%) қалаларына және Қарағанды облысына (7,5%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым, 2024 жылдың қаңтар айында олар бойынша 9 903 мәміле ресімделген.

2023 жылғы желтоқсан айымен салыстырғанда, 2024 жылдың қаңтарында жеке тұрғын үйлер бойынша да мәмілелер саны кеміді – 26,3% (2 170 мәмілеге) азайып, 6 068-ді құрады. Сонымен қатар, теріс көрсеткіш барлық дерлік аймақта тіркелді. Жеке тұрғын үйлерді алып-сату бойынша айтарлықтай тұрақтылық Солтүстік Қазақстан облысында байқалды, мұнда өсім не бәрі – 0,9%. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Астана қаласында (-53,3%), Қызылорда (-38,6%) және Батыс Қазақстан (-38,5%) облыстарында орын алды.

2024 жылдың қаңтарында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері 2023 жылдың тиісті айымен салыстырғанда 30,5%-ға көбейген, ол кезде 24 294 мәміле ресімделген болатын. Оң көрсеткіш, Маңғыстау және Ұлытау облыстарын қоспағанда, еліміздің барлық аймағында тіркелді, аталған өңірлердегі төмендеу тиісінше 7,4% және 7%. Ұлғаюдың ең жоғар көрсеткіші Павлодар облысында (58,2%).

ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктелген байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және таза әрленгендегі бағасы ескеріледі. Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады.

Перизат Саденова
Бөлісу: