Тұран жолбарыстары Қазақстанды мекендегені рас па?

25 Қыркүйек, 12:18 774

Атырау мен Алтайдың арасындағы ұланғайыр аумақта еркін көсілген аңның бірі - Тұран жолбарысы. Өкінішке қарай, өткен ғасырдың орта шенінде нүкте қойып, мүлдем жойып жібердік. Қазір Тұран жолбарысы туралы Мұхтар Мағауиннің «Шахан шерісінен» ғана оқитын дәрежеге жеттік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Тұран жолбарысы түп мекеніне оралды. Осы ретте El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі бірнеше сұраққа жауап іздеп көрді.

"Қазақстанда жолбарыстардың популяциясын қалпына келтіру қанша қаражатты қажет етеді? Оны кім қаржыландырады? Олардың жойылу себептері? Қазіргі күндегі қалпына келтіру жобалары мен олардың экожүйе үшін маңызы қандай?" деген сұрақтардың жауабын алуға тырыстық.

Тұран жолбарыстары Қазақстанды ХХ ғасырдың ортасына дейін мекендеген. Бүгінде олар жоқ. Соңғы бес жылда Қазақстан өз территориясында жолбарыстар популяциясын қалпына келтіруге қызу дайындық үстінде. Бұл бағытта жұмыс басталып-ақ кетті.

2021 жылы жоба туралы Қазақстан мен Ресей президенттері сөз етіп, қызу талқыға салған еді.

Қазақстанға Ресейдің Таяу Шығысынан жолбарысты реинтордукциялау идеясы 10 жылдан астам уақыт бойы ойластырылып келеді. Жоба бастамашысы - Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры (WWF).

Үкімет аталмыш жобаны 2010 жылдан бері қолдайды. Бірақ бағдарламаны жүзеге асыру үшін жолбарыстардың нақты мекен аумағын анықтайтын, олардың болжалды мінез-құлықтарын жобалайтын ғылыми зерттеуші мамандар қажет болды. Осылайша, 2017 жылы WWF пен Қазақстан үкіметі арасында жобаны іске асыруға бағытталған меморандумға қол қойылды.

«Іле-Балхаш» резерватының пайда болуынан бастап белсенді жұмыс жүргізілуде. Жұмыс үш кезеңді қамтиды: аумақты дайындау, жыртқышты босату, өсу популяциясын бақылау. Бағдарламаның бірінші кезеңі басталып кетті. Кезең барысында экожүйені қалпына келтіру, аумақты күзету және тұяқты жануарлардың санын өсіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Іле-Балқаш экожүйесі жолбарыстардың қайта мекендейтін аймағы ретінде жайдан-жай таңдалған жоқ. Бұл аймақ су ресурстарының молдығымен, қамыс және орманды алқаптардың кеңдігімен ерекшеленеді. Қазіргі кезде жоба шеңберінде экожүйені қалпына келтіру, жергілікті фаунаны зерттеу және жануарлар популяциясын көбейту мақсатында көптеген шара қабылданып отыр.

Кордондар салынып, байланыс қамтамасыз етіліп, территорияны қорғау жұмыстары ретке келтірілді. Өрттен кейін қалпына келтіру,  Іле өзеніндегі су ресурстарының азаюы мен Балқаш көлі маңында тоғай ормандардың аз болуы сияқты  мәселелерді шешуге бағытталған іс-шаралар атқарылуда. Мәселен, 2022 жылдың мамырында 15 мыңнан астам тораңғы, ива көшеттері отырғызылды. Бұл туралы Қазақстан Республикасындағы Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры өкілдігінің директоры Григорий Мазманянц мәлімдеді.

Тұран жолбарыстары қай жерді мекендеді?

Каспий, тұран немесе закавказдық жолбарыс – Түркиядан батыс Қытайға дейінгі аймақты, сондай-ақ Кавказ, Иран және Орталық Азия жерін мекен еткен жолбарыстардың жойылған түрі.

Тұран жолбарыстары, немесе каспий жолбарыстары, бір кездері Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде, әсіресе, Арал теңізінің маңайы мен Балқаш көлінің айналасындағы орманды және қамыс басқан жерлерде көп кездесетін. Олар Іле және Сырдария өзендерінің аңғарларында тіршілік етті, сол аймақтың табиғи экожүйесінің маңызды бөлігі болып саналды.

Тұран жолбарыстарының ірілігі мен төзімділігі туралы деректер осы күнге дейін сақталды. Олардың дене тұрқы мен салмағы басқа жолбарыстардан кіші болғанымен, олар өте ірі және төзімді аңдар ретінде сипатталады. Мәселен, ұзындығы 224 см және дене салмағы 240 келіге дейін жеткен деген ақпарат бар. Көрген жандар жануар еш қиындықсыз күніне 100 шақырымды еңсере алады деседі.

Тұран жолбарыстары өзен бойындағы тоғай ормандарын мекендеген. Бастысы су көзі болса болды. Олардың Балхаш көлінің солтүстік шекарасын, Әмудария жағалауы мен басқа да өзен-көлдердің маңайын мекен еткені - соның дәлелі.  Ала-құла бояуына қарай жыртқыш қамыс қопасында жасырынған-тын.

Жолбарыстар үшін ең қиыны – аязды әрі қарлы қыс. Жануарлар қар қатты жаумаған орындарды іздеп, сол аумақта апан қазған. Кейбірі кезбе өмір сүрген. Жүздеген шақырымға алыстап, көп жағдайда адамдардың қолынан қаза табатын еді.

Тұран жолбарыстары жойылуының негізгі себептері қандай?

Аң аулау: 19-20 ғасырларда адамдардың аң аулауы қарқынды жүрді. Жолбарыстардың бағалы терісі және олардың қауіп төндіруі салдарынан оларды жаппай аулай бастады.

Мекен ету ортасының жойылуы: Адамдардың егіншілікпен айналысуы және жайылымдарды кеңейтуі нәтижесінде жолбарыстар мекендеген ормандар мен қамыстар жойыла бастады.

Ірі жобалар мен гидрологиялық өзгерістер: Кеңес дәуірінде салынған ірі су қоймалары, өзендердің арнасын өзгерту сияқты әрекеттер жолбарыстардың табиғи тіршілік аймағын қысқартты.

Жыртқыштық қысым және азықтың азаюы: Жолбарыстардың негізгі қорегі болған қабан, бұғы және басқа жануарлар да жойыла бастады, бұл да олардың санының азаюына әсер етті.

Осы факторлар Тұран жолбарыстарының 20 ғасырдың ортасына қарай толық жойылып кетуіне әкелді.

1930 жылдары жолбарыстар Әмудария жағалауындағы «Тигровая балка» атты Тәжікстан мен Ауғанстан шекарасын мекендеген болатын. Мұны дәлелдейтін ең соңғы деректер Орта Азия мен Қазақстан территориясында тіркелген еді.

Соңғы жолбарысты 1970 жылы Түркия жерінде атып өлтірілгені белгілі.

Тұран жолбарысының популяциясын қалай қалпына келтіруге болады?

Өкініштісі, бұрынғы Тұран жолбарысы енді болмайды. Десе де, ғалымдардың пайымдауынша, Тұран жолбарысы мен Амур жолбарысының генетикалық жағынан ұқсастығы бар. Бұл – жолбарыстарды қайта жерсіндіруге зор мүмкіндік. Жобаны Ресейдің Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры бастап берді.

2018 жылы 27 шілдеде Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының жүйесінде көптен күткен 415 мың га жерді алып жатқан "Іле-Балхаш" резерваты ашылды.

Резерват аумағы Іле өзені дельтасының жартысын, Балқаш көлі жағалауындағы сексеуіл ормандары мен сулы-батпақты аудандарын қамтиды.

Резерват маңында экожүйе қалпына келтіріп, жолбарыстың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасалды.

Жолбарыстарды қашан әкеледі?

Амур жолбарыстарының алғашқыларын резерват аумағына биылдан бастап әкеле бастады. Ғалымдардың айтуынша, 50 жылдан соң Қазақстан аумағын 150 жолбарыс мекендейді.

Жолбарыстарды әкелуге қанша қаражат жұмсалады?

Жолбарыстардың популяциясын арттыру кем дегенде 10 жылды қамтиды. Жобаның алғашқы 10 жылы шамамен 15-20 млн еуроны қажет етеді. Ол Қазақстан Республикасының бюджеті есебінен және WWF серіктестері мен донорлары тарапынан қаржыландырылады.

Жолбарыстар адамдармен қалай өзара әрекеттеседі?

Жоба кураторлары жолбарыстарды еркіндікке жіберудің қауіп-қатері бар екенін жасырмай айтып отыр. Ресейдің Таяу Шығысындағы жолбарыспен қақтығыстарды зерттеу жұмыстары көрсеткендей, 100-ге жуық арандатушылықтың 99 пайызы адам тарапынан туындайды.

Таяу Шығыс тұрғындарының тәжірибесі көрсеткендей, жолбарыстар аса бір ерекше жағдай мен мүмкіндіктерді қажет етпейді. Сонда да, Қазақстанда басқа елдердегідей арнайы бригадалар құрылып, олар елдімекендерге жыртқыштарды жуытпауды қамтамасыз етеді.

Айта кету керек, жолбарыстардың да жергілікті тұрғындар үшін пайдасы бар. Білетініміздей, қасқырлар үй жануарларына жиі шабуыл жасайды. Бірақ ешқандай өтемақы төленбейтіні қынжылтады. Жолбарыстар келсе, қасқырлар кетіп қалары анық. Ал егер жолбарыстар сиыр немесе жылқыны жемтік етсе, жергілікті тұрғын өтемақы алады. Ол да бір плюс.

Қазақстанға Нидерландыдан екі жолбарыс әкелінді

Күні кеше Қазақстанға Нидерландыдан популяцияны қалпына келтіру мақсатында 2 жолбарыс әкелінді. Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді.

Олар Анна-Паулова қаласындағы Landgoed Hoenderdaell жануарлар бағы жанындағы Stichting Leeuw мамандандырылған орталықтан сыйға берілді.

Осыдан 70 жыл бұрын жойылған жолбарыстардың популяциясын көбейтуді көздейтін бағдарлама аясында әкелінген жолбарыстар «Іле-Балхаш» мемлекеттік табиғи резерватқа жеткізілді.

Жолбарыстар жүк ұшақтары және тікұшақтарымен арнайы контейнерлерге орналастырып елге жеткізілді. Жол бойы бақылаушылардың жіті назарында болды. Бүгінде жануарлар резерваттың қорықтық аймағына жеткізіліп, акклиматизациядан өтуде. Бірнеше аптадан соң олар кең қаумаладарға жіберіліп, кейіннен жабайы табиғатқа босатылуы мүмкін.

WWF сарапшыларының пікіріне сенсек, елімізге әкелінген Амур жолбарыстарының балалау ықтималдылығы – 60%.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының өкілі Амур жолбарыстарының жағдайына ерекше мән беріп, тезірек үйренісіп кетуіне мүмкіндік жасалады деп сендірді.

Айта кету керек, жолбарыстарды нидерландтық орталық тегін берді.

Қазақстан мен Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры арасындағы көпжылдық серіктестік шеңберінде жүзеге асырылып отыр.

Қор мамандарының айтуынша, Кума және Богдана есімді жолбарыстардың жасы 10-да. Бастапқыда жыртқыштар ветеринар мамандардың қатаң бақылауында болады. Кейіннен ұрпақтарын ғана белгілі уақыт өткен соң еркіндікке жіберу жоспарланып отыр.

WWF салған қаумал кешені мал дәрігерлік пунктпен жасақталған. Ветеринарлар күнделікті кешенге келіп, жануарлардың жағдайын тексереді. Бейнебақылау құрылғысы орнатылып, шынайы уақыт режимінде бақылай алады. Сондай-ақ, шетелдік ветеринарлар тобымен үнемі байланыста болу мақсатын көздейді. Заманауи ақпараттық-коммуникациялық мүмкіндіктер бейнебайланыс арқылы жедел консультация алуға жағдай жасайды, - деп түсіндірді нидерландтық сарапшы Герт Полет.

Сарапшы «жолбарыстардың нақты қай уақытта балалайтынын дөп басып айтуға болмайды» деп отыр.

Олар бірнеше айдан соң, тіпті араға бірнеше жыл салып ұрпақ беруі ықтимал. Одан қалды мүлдем балаламауы да мүмкін. Бұл сценарийдің өзі - табиғи жағдай,-деп нақтылады нидерландық сарапшы.

2024 жылдың басында қазақстандық ветеринар бұл жолбарыстар мекен еткен жануарлар бағын көріп қайтқан еді. Маман сауықтыру орталығының қызметкерлерімен тәжірибе алмасып, оқыту курсынан өтті. Ол ең алғашқылардың болып Кума және Богданамен танысып, олардың жағдайын бақылап, жануарлардың күтіміне көз жеткізіп қайтты.

Экология министрлігіндегілер бұл оқиғаны «экожүйені қалпына келтіру мен биоалуандылықты қайтару жолындағы басты қадам» деп отыр.

Ведомство өкілдері 2010 жылы жолбарыстарды сақтауға арналған алғашқы халықаралық форум өткенін еске салып өтті. Форумда Қазақстан табиғатқа жыртқыштарды қайтаруға даярлығын айтқан еді. Араға 7 жыл салып, Қазақстан, Ресей және басқа да мемлекеттердің ғалымдары бірлесе отырып, реинтродукцияға бағытталған бірегей бағдарламаны жасақтаған болатын.

Жоба мақсаты:

1.Жолбарыстардың мекендеу аймағын қалпына келтіру: Бұл мақсатта Іле өзенінің бойындағы табиғи ландшафт пен орманды аймақтар қалпына келтіріледі.

2.Жолбарыстардың қорегін қамтамасыз ету: Бұл үшін қабан, бұғы, қарақұйрық сияқты жануарлардың популяциясын қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.

3.Жергілікті қауымдастықпен жұмыс: Жергілікті халықты жолбарыстарды қорғау және экотуризмді дамыту жобаларына тарту арқылы, олардың экожүйеге қатысуын арттыру көзделуде.

Бұл жоба арқылы Қазақстан бір кездері жойылып кеткен тұран жолбарыстарын өз мекеніне қайтаруға бағытталған маңызды қадам жасайды. Нәтижесінде, жолбарыстардың саны біртіндеп артып, Іле-Балқаш аймағы олардың тұрақты мекені ретінде қалыптасады.

Жолбарыстар – табиғи экожүйенің жоғарғы сатысында тұрған жыртқыштар. Сондықтан олардың қайтып оралуы аймақтың экологиялық тепе-теңдігін сақтау үшін өте маңызды дер едік. Жолбарыстардың болуы өсімдіктердің, жануарлардың және басқа табиғи ресурстардың дұрыс реттелуіне ықпал етеді. Мәселен, жолбарыстар жабайы жануарлардың популяциясын реттеп, өсімтал жануарлар санының артуын болдырмауға көмектеседі. Бұл өз кезегінде өсімдіктердің көбейіп, орманның қалпына келуіне ықпал жасайды.

Сонымен қатар, жолбарыстарды қайта мекендеген жерлер экотуризмді дамытуға үлкен мүмкіндік береді. Жолбарыстарды көруге келетін туристер жергілікті экономиканың дамуына да оң әсерін тигізеді.

Қазақстанда жолбарыстардың қайта оралуы – бұл тек табиғатты қорғау шарасы ғана емес, сонымен қатар ұлттық табиғи мұраның қайта жаңғыруының белгісі. Бұл жоба сәтті іске асырылса, Қазақстанда бір кездері жойылып кеткен тұран жолбарыстарының жаңа популяциясы пайда болуы мүмкін. Жолбарыстар экожүйенің ажырамас бөлігі ретінде, аймақтың биологиялық әртүрлілігін сақтауда маңызды рөл атқарады.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: