3 Қыркүйек 2014, 10:17
Патшалық Ресей 1822 жылдан бастап хандық құрылысты жою үшін Орта жүз қазақтарын басқару жөнінде ереже шығарғанға дейін Тоқсан би солтүстікбатыс қазақтарының төбе биі болса, 1830 жылы Аманқарағай дуаны құрылғанда Еменәлі Керей болысының билігін қолына алған. Бұл дерек Омбы мұрағатында бар, 3қор, 12 тізім, 17681 істе жазылған. Бұдан соң Тобыл губерниясы қазақтарының төбе биі болған тұсында есімі барша қазақ даласына тарайды. Оның осы даңқын Сегіз сері былайша жырлайды:
Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол,
Тоқсан бидей үш жүздің шешені бол!
Тоқсан би – орыс отарлаушыларына қарсылықты ашық жасаған адам. Оның екі сөзінің бірі осы мазмұнда отарлаушыларға қарсы айтылған, біраз кітаптарда шыққан. Алайда кейініректе бұл жырлар мен сөздердің саясатқа байланысты тұстары алынып тасталған, шешендік сөздер туралы жинақ тарға да енгізілмеген, тек ел аузында «Тоқсан би солай деген» сияқты деректермен сақталып қалған.
Айбынды би патшаға ашық қызмет қылған жарамсақтарды жақтырмаған. Сондай әңгіменің бірі атақты Есеней Естемісұлына байланысты айтылады. Тоқсан онымен «Орыстың қолтығына кірдің, патшаға қызмет еттің!» деп араздасып кеткен екен. Оны Батыс Сібір қазақтарының шорасы (аймақ билеуші, кіші хан сияқты қызмет) сайлаған. Өзінің туған ұлы Доғалақты да патшаға қызмет атқарғаны үшін айыптаған. Бұл жөнінде ел аузында мынадай сөзі қалыпты:
Доғалақ болыс болды дегенше
Орыс болды десейші.
Ғаріп пенен ғасірге
Қорыс болды десейші.
Аққа – қара, теріске
Дұрыс болды десейші.
Елінен безген босқынға
Қоныс болды десейші…
«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дегенді Тоқсан қатты ұстанған екен. Шындық, әділет жолында ол қара қылды қақ жара білген емес пе!
Бидің туған інісі Сексен де орыс отаршыларына өлердей қарсы болып, қол бастап, халқынан «батыр» атағын алған адам. Орыс әскерлерімен үнемі соғысып, жазалаушы отряд тұрған Пресновка станицасына шабуыл жасап, адамдарын өлтіріп те кеткен кездері болған.
Сексен жорықтарынан зәрезап болған қазақтар оны ашық майданда жеңе алмағасын амалын тауып, у бергізіп өлтіреді. Ел аузындағы әңгімелерге қарағанда Сексен батырдың қазасын естіген пресновтықтар үш күн ұдайы тойлаған дейді.
Сексен батыр қазіргі Благовещенканың (Жекекөлдің) түстігіндегі «Бейіт ағаш» аталатын жерге жерленіпті. 1995 жылы туыстары батырдың басына ескерткіш орнатып, ас берді.
Тоқсан би өмірінің соңғы кезінде орыс отарлаушыларынан жырақ («Қасірет белдеуінен» әрірек) жерлерге қоныс аударып, қазіргі Ғабит Мүсiрепов ауданының Западное, Стерлитамак селоларының жерінде қыстап жүрген. Өзі өсиет етіп, ажал жеткенде осында жерленді. Бейіті Западное селосының жанындағы Тоқсан би төбесінде. Тоқсан бидiң бейiтiн тапқан Қ.Мұқанов, С. Жұмабаевтар едi. Ұрпақтары, ел сыйлаған азаматтар атақты қазы әрі би есімін ардақ тұтып, оның бейітінің басына ескерткіш орнатуды көздеген еді. Осы ретте облыстық соттың төрағасы Бекет Тұрғараұлы Тұрғараев азаматтық танытып, өз басшылығымен ескерткіш орнатты.