«Туған жер» патриоттық сезімді күшейтеді

3 Шілде 2018, 05:58 3718

Елбасымыз халықты барлық тұрғыдан ұлттық және рухани жаңғыруға шақырды. Соның ішінде Елбасының «Болашаққа бағдар – ұлттық жаңғыру» атты мақаласында атап өткен «Туған жер» бағдарламасы халықтың жүрегіне айтарлықтай жақын бастама деуге болады. Өйткені, әрбір қазақ өзінің туып-өскен туған жеріне, кіндік қаны тамған ауылына, бал балалық шағы өткен өңіріне кіндігіне  байланғандай дәрежеде жақын. Өссе де аңсап тұрады, уақыт өте арнайы іздеп барады, ата-бабаларының зиратына зиярат етіп келеді, әйтеуір, туған жерімен байланысын үзбейді. Тіпті, өмірден өтсе де туған жеріне апарып көмуді аманаттап жататындар баршылық. Осы тұрғыдан келгенде халқымыз үшін туған жер ұғымының маңызы зор екенін түсінеміз. Осы орайда Елбасымыздың халықтың туған жерге көңілін аударуы — халықтың атажұртына деген көңілін дөп басуы болса керек.

Тіпті, халқымыздың өнер саласында да туған жерге арналып талай әннің айтылып, ақындардың қаламынан талай жырдың төгілуі халқымыз үшін туған жерінің маңызы зор екенін, жүрегінің түкпірінде туған жерін аялап, әрқашан ойлап жүретінін айғақтайды. Жалпы, қазақ халқының туған жеріне, еліне деген сүйіспеншілігі ерекше. Туған жеріне ән арнап, жырға қосып қана қоймай, осынау ұлан-байтақ жерді ғасырлар бойына ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшін аямай сұқтанған көздерден сақтап, қорғап қалуы туған жерге деген ерекше құрметтің, сүйіспеншіліктің белгісі болса керек.

 Ата-бабамыздың «Туған жерге туыңды тік» деген нақылы да, туған жер ұғымының ежелден-ақ қазақ халқы үшін мәнінің зор болғанын айғақтайды. Қазір еліміз есін жиып, алыс-жақын шет мемлекеттер елімізді тани бастаған тұста, туған жерімізге мән беріп, нағыз ту тігетін сәт туды.

Негізі Отаныңа деген құрмет, патриоттық сезім кіндік қаның тамған туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сондықтан, Елбасымыздың туған жерді түлету мақсатында, халықтың туған жеріне назарын аудартып отырғаны байқалады. Бүгінде шын мәнінде еліміздің дамуы мен экономикамыздың өркендеуіне орай ауылдарымыздың ажары еніп, тіршілігі жанданып келеді. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында атқарылып жатқан іс-шараларға байланысты ауыл халқы кәсіпкерлікпен айналысуға мән беріп, ата кәсіп мал шаруашылығына, егін шаруашылығына көңіл бөліп келеді. Бір кездері ауыл халқы қалаға ағылса, енді ешкімнің қалада тегін дүние таратып жатпағанын түсінген ауыл халқы алаң көңілін жеңіп, ауылдағы тіршілігін жолға қоюға тырысып жатыр. Бұл еліміздің дамуы жолында үлкен жетістік. Бүгінде кейбір ауылдарымыз тіршілігін жандандырып келе жатқандықтан, ауылға бет бұрған халықты да жиі байқаймыз. Ауылдан шыққан кейбір түлектер ауылдарына мешіт салғызып, білім алған мектептерін компьютерлендіріп, ауыл мен аудан арасын байланыстыратын жолдарын түзеп, халықтың өмір сүруіне қолайлы жағдай туғызуға тырысуда. Бұл халқымыз үшін туған жердің маңыздылығын, қасиеттілігін аңғартады, туған жерінің тағдырына бей-жай қарай алмайтынын білдіреді.

Әрине, туған жерді сүйіп қана қоймай, оның дамуына атсалысу сол жердің әрбір перзентіне парыз. Елбасымыздың да «Туған жер» бағдарламасына қатысты тапсырма берудегі мақсаты осы болып отыр. Ежелгі ата қоныс, атамекендегі еліміздің әрбір тасы мен әрбір мекені тарихтан сыр шертеді. Өкінішке қарай, оны зерттеп, мән беріп жатпағандықтан ұмытылып, ұрпақтар санасынан да өшіп бара жатқаны ақиқат. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мемлекет басшысы аталмыш бағдарламаны халыққа түсіндіре отырып, туған жерге бет бұру арқылы тарихи жерлерге мән беру, өлкетану жұмыстарын жүргізу, экологиялық жағдайлардың алдын алып, тұтас ауылдарымыз бен аудандарымызды абаттандыруға тырысу, еліміздегі барлық тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды, қасиетті жерлерімізді, тұмса табиғатымызды қалпына келтіруді көздегенін байқаймыз. Осы орайда айта кетер жайт, елімізде кейбір жерлердің атауына, орналасқан жеріне қарай талай аңыз әңгімелер, әфсаналар баршылық. Бүгінгі күні ұрпақтарымыздың бәрі бірдей мұндай құндылықтардан хабарсыз. Сондықтан, «Туған жер» бағдарламасының аясында осындай тарихи жерлеріміздің атауын зерттеп, зерделеп, ұрпақ санасында жаңғыртып жатсақ, мақсаттың орындалғаны.  

Сондай-ақ, қазақ халқының тарихында талай ғалымдар мен айтулы тұлғалар, есімі ел есінде айтылып жүрген біртуарлар ауылдардан шыққан. Олардың еңбегін, есімін ұмыттырмай, бүгінгі күні сол өңірлердегі мектептерден мүйіс арнап, мұражайларын ашу арқылы, текті ұрпақты туған жерінің ұмыттырмайтынын халыққа көрсете білсек, халықты патриоттыққа үндеудегі игі шара болар еді.

«Туған жер» бағдарламасының бүгінгі күні маңызды болып отырған тағы бір бастамасы — әр өңірден шыққан тұлғаларды, түлектерді туған жерге бет бұру арқылы, өңірлерді түлеттіруге атсалысу болып отыр. Бүгінде басқа өңірлерге көшіп кетсе де, туған жерін ұмытпаған түлектер мектеп бітіргендеріне мерейтойлық жыл толғанда өз беттерінше әлеуметтік маңызды нысандар тұрғызып беріп немесе ауылдарға ауыз су тартып, кітапхана салып, оның ішін заманауи маңызды кітаптармен қамтамасыз етіп, жол жөндеп, туған жерлеріне қолдау білдіріп жатқанын жиі байқаймыз. Енді Елбасының тапсырмасына орай сол өңірлерден шыққан кәсіпкерлер, шенеуніктер зиялы қауым өкілдері өздері шыққан аймақтарға қамқорлық жасаса, өңірлеріміз тіпті жандана түсер еді. Сондықтан, «Туған жер» бағдарламасы еліміздегі жомарт жандардың, туған жерін, елін сүйетін азаматтардың өзінің туған еліне шарапатын тигізіп, қайырымдылық іс-шараларға үлкен үлесін тигізуге ықпал етеді деген сенімдеміз. Жалпы, мұндай қолдаулар ел мен жердің арасын жақындатып, патриоттық сезімнің жандануына ықпал ететін бастама болмақ.

Жалпы,  «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары», «Мәдени-географиялық белдеу» секілді бастамалардың қай-қайсысы болса да бір-бірімен байланысты, халық үшін берері мол бағдарламалар екені байқалады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың осынау тапсырмаларды халыққа ұсынуы арқылы  еліміздегі әрбір азамат өңірлердегі тарихи, мәдени, рухани орындармен танысып, ұлттық танымы кеңейе түссе, ұлттық құндылықтарымызға қосылған мол мәдени мұра болар еді. Және бір айта кетер жайт, отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңнен, өскен өңіріңнен басталатынын, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен бастау алатынын Елбасымыз да өзінің мақаласында атап өткен болатын. Сондықтан, бүгінгі күні басты идеология да, басты жетістік те осы болып отыр.

Ұлт ретінде неғұрлым тұтастыққа жету үшін елді айшықтап тұрған ұғымдарымызға мұқият болуымыз керек. Яғни, туған жердің тарихын біліп, Елбасы аманаттап отырған «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы», «Қазақстанның қасиетті рухани қүндылықтары», «Мәдени-географиялық белдеуі» секілді ұғымдарды терең зерттеп, білуіміз керек. Осы тұрғыдан келгенде мәдениетті өркендету мен өлкетану, елдімекендерді абаттандыру, туризмді дамыту, тарихымызды түгендеп, туған жерді түлетуге мұрындық болатын кешенді жобалардан күтер үмітіміз мол болып отыр.

Бағдарлама толықтай іске асу үшін мамандардың да көңілінен шығуы маңызды. Ендеше бағдарламаға орай мамандар не дейді?!

Мамандарымыз да бүгінгі күні «Туған жер» бастамасы арқылы жер-жердегі тарихи өлкелердің тарихымен өскелең ұрпақты сусындатудың маңызы зор екенін айтуда. Өйткені, еліміздің кез келген аймағынан ежелгі, ортағасырларға және жаңа заманға қатысты тарихи жәдігерлерді немесе деректерді көптеп кездестіруге болады. Кеше ғана Шығыс Қазақстан облысынан үшінші «Алтын адамның» табылуы жеріміздің әрбір қойнауының тарихқа, тарихи жәдігерлерге толы екенін аңғартады. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Ертеде өткен ата-бабаларымыз өзен-көл, тау мен қыраттың әрқайсысына ат қойып, айдар тағу жағынан жай ұқыпты ғана емес, шебер де тапқыр болғандығын байқаймыз. Негізі қазақ халқында жер-су атауына қатысты үлкен мән-мағына бар. Мәселен, өзендердің атауы көбінесе оның ағысына, тереңдігіне, түсіне байланысты қойылса, елдімекен атаулары көбінесе ландшафт, өсімдіктер әлеміндегі ерекшеліктерімен немесе қоныстанушылар өмірлеріндегі фактілерге сәйкес беріліп отырған екен. Сондықтан, географиялық атаудың пайда болуы кездейсоқ емес, тарихи себепті болады. Осы орайда олардың шығу тарихына үңіле білсек, көп құндылыққа кез болар едік. Осы орайда  алдағы уақытта соларды танып-біліп, табылған мәліметтерді жүйелеп, зерделеп, оларды жастар тәрбиесінде тиімді пайдалана білудің маңызы зор болып отыр. Егер білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізіп, әрбір өңірде сол өскен өңірінің тарихын оқыту арқылы оқушылардың бойында туған жері туралы мол білім мен ғылым ғана емес, елжанды сезім қалыптасып жатса, нұр үстіне нұр! Сондықтан, бүгінгі күні еліміздегі ғылыми мамандар мен мектептегі ұстаздар «Туған жер» бағдарламасын қуана қолдап отыр. Осы орайда Білім беру ісінің үздігі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі Ұлжалғас Есназарова бағдарламаны ерекше қолдаған жандардың бірі. Осы орайда ғалымның бағдарлама туралы аз-кем пікірін сұраған едік.

Ұлжалғас Есназарова, Білім беру ісінің үздігі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, географиядан республикалық атаулы мектеп жетекшісі:

«“Туған жер” бағдарламасының еліміз үшін, жас ұрпақ үшін, мемлекетіміздің тарихы үшін маңызы өте зор. Сондықтан, өз дәрежесінде бағдарламаны орындай білсек, тарихи құндылықтарымыз түгенденіп, ұрпақ санасын да құнды ғылыми жаңалықтармен байытар едік. Дүниежүзіндегі кейбір елдер еліміз туралы енді танып біліп жатыр. Былтыр ЭКСПО секілді халықаралық дәрежедегі жиындар еліміздің даңқын асқақтатып, талай елге мемлекетіміздің жағымды бет-бейнесін қалыптастыруға себепші болды. Бірақ, елімізді өзге елге таныту үшін, алдымен, өзіміз тарихымызды, ұлан-байтақ жеріміздің қадір-қасиетін толық біліп алуымыз керек. Алдағы уақытта «Туған жер» арқылы бұл мүмкіндікке қолымыз жетеді деп ойлаймын. Бұрынғы КСРО құрамынан бөлініп шығып, егемен ел болған республикалардың барлығы өз елдерінің географиясын жеке пән ретінде екі оқу жылында оқытып келеді. Алыстағы шетелдерден мысал келтірсек, жері Қазақстанның бір ауылдық әкімшілік ауданының аумағындай болатын Израиль мемлекеті өз елінің географиясын екі бөліп, бір жыл бойы «Израильдің физикалық географиясы» деп табиғатын және екінші жылы «Израильдің экономикалық және әлеуметтік географиясы» деп, екі бөліп оқытады екен. Ал, біз биылғы оқу жылынан бастап 9-сыныпта оқытылатын «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» жеке пән ретінде оқытылмайды» деп жоспарланып отырғанын естіп отырмыз. Жерінің көлемі бойынша тоғызыншы орын алып, ұлан-байтақ жерінде талай қазба байлықтар табылып жатқан елімізге бұл үлкен сын. Сондықтан, алдағы уақытта барлық өңірде «Туған жер» бағдарламасының аясында зерттеп, зерделеп, тарих пен география пәндері толықтырылып, жас ұрпаққа берер біліміміз молая түседі деп үміттенемін. Ал, оқушылардың бойында отансүйгіштік сезім ұлғаятынына, туған жеріне деген сүйіспеншілігі көбейе түсетініне сенемін. Былтыр Қызылорданың сонау бір шалғай жатқан ауылында кезінде үш жүздің басы қосылып, қазақ халқының тарихына айтарлықтай әсер еткен, шешуші жиын өткенін естідім жақында. Тарихи маңызы бар ауыл қазір Қарақұм деп аталады екен. Ал, бұл тарихи кітаптарымыздан қалып қалған мәлімет. Былтыр сол жиын атап өтіліп, ауылдың 100 жылдығы да тойланыпты. Сол секілді тарихи мәні бар әрбір өңірімізде «Ол ауыл қашан пайда болды? Қалай құрылды? Негізін қалаған кімдер? Ауылдан қандай мықты тұлғалар шықты? Қазіргі таңда ауылда қандай мықты отбасылар бар? Сол ауылдарға жақын жерде ағып жатқан өзендер мен көлдердің жағдайы қалай? Қандай аңыздарға арқау болған тарихы бай жерлер бар? Ежелгі атаулары қалай аталған?» деген сияқты мәселелердің барлығы зерттеліп, зерделенуі керек. Осындай ізденістің жоқтығының салдарынан көптеген өңірлеріміз ежелгі атауынан айрылып қалып жатыр. Маман ретінде айтарым, бұл дұрыс емес. Тәуелсіздік алғаннан кейін тарихымызға, географиялық ерекшеліктерімізге қайта үңілуіміз керек еді. Дегенмен, «Туған жер» осы олқылықтардың орнын толтырады» деп, үлкен үміт күтіп отырмын. Тіпті, сол өңірлердегі оқушылар арасында ғылыми байқаулар ұйымдастыру арқылы да талай дүниеге қарық боларымыз анық. Ұрпақты елжандылыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу осылай басталады».

Тарихшы ғалым осылай дейді. Әр халық ел болып ғұмыр кешуі үшін жастардың санасына ұлттық құндылықтарын сіңіріп, рухани болмысымен өмір сүруге баулиды. Тамырын танытуға тырысады. Экономикамыз көтеріліп, саяси-тарихи санамыз жаңғыра бастаған тұста қазіргі заман талабына сай бұл саладағы жұмыстар қайта жандануы қажет екенін уақыт дәлелдеп отыр. Шын мәнінде әрбір ұрпақтың туған жері оның кіші Отаны екенін ұғындырып, кіндігінен ажырай бастаған бүгінгі қала тұрғындарын да туған жерінің тарихын, құндылығын қастерлеуге үйрете білуіміз керек. Осындай бағытта тәлім-тәрбие алған жоғары оқу орнын бітірген мамандар әрі қарайғы өмірінде де, шетелге шыққанда да елі мен жерінің тарихын білуде, насихаттауда және құрметтеуде бейтарап қала алмайды. Бұл уақыт дәлелдеп берген ақиқат. Тамыры терең тарихымызды толықтыруда туған жердің айтары мол екені анық.

  Тақырыпты қорытындылай келе, «Туған жер» бағдарламасының тағы бір артықшылығына тоқтала кетсек. Тұрғындардың осы бағдарлама аясында өзі тұрып жатқан өңірінің тазалағына мән беруі болып отыр. Яғни, «Туған жер» арқылы елін-жерін сүйетін ұрпақ тәрбиелеудің бір маңызы — туып-өскен жерінің экологиялық жағдайына мән беріп, таза ұстауға ұмтылдыру болып отыр. Осы орайда кейбір өңірлер осы бағдарлама аясында тұрғындарды тазалыққа жұмылдырып жатқаны белігілі болуда. Мәселен, бүгінгі күннің өзінде Алматы қаласында «Біз таза қала үшін!» ұранымен қаланы абаттандыра түсу мақсаты қойылып отыр.

Сол сияқты, қазірдің өзінде «Туған жер» бағдарламасының аясында жер-жерде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, туған жерге құрмет көрсетілуде. Әншілер туған жерлерінде концерттер ұйымдастырып, кейбір жазушылар туған жеріндегі кітапханаларға әдеби кітаптар сыйлап, енді бір жерлерде мектептердегі үздік оқушыларға сол өңірден шыққан белгілі бір тұлғаның атындағы шәкіртақылар да тағайындалуда. Енді барлық өңірлеріміз осыған мән берсе, ұлан-байтақ жерге ие болып қана қоймай, құрметпен қарайтынымызды да көрсетер едік. Бір қарыс жері үшін қан кешіп, бір сүйем жері үшін қылыштасып өткен бабаларымыздың аманатына адал болып, әрбір тасының тарихын біліп, құрметпен қарау, насихатын арттыра білу маңызды. Ұлттық болмыс пен жаһандану үдерісінің арпалысқа түскен дәл қазіргі кезеңінде қазақ халқының ұлттық танымына арқау болған құндылықтарды игере білу, халқымызды рухани тұрғыдан жаңғырту, туған жерін түлету, насихаттау — әрбір қазақстандықтың азаматтық парызы болып отыр.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша assemblykz.2016@gmail.com мекен-жайына хабарласыңыз. 

Бөлісу: