Астанада өткен кездесуде ҚР мен ҚХР жол ғалымдарының ынтымақтастығын одан әрі тереңдету перспективалары талқыланды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Цзянсу Ұлттық жол ғылыми-зерттеу орталығының басшылары мен ғалымдары елордасы Астана қаласына ат басын тіреді. Қазақстандық әріптестермен кездесуде көлік инфрақұрылымын жобалаудың жаңа әдістерін енгізу және негізгі зерттеу жобаларын іске асыру перспективалары талқыланды.
Шетелдік қонақтарға Қазақстандағы жалғыз жол ғылыми-зерттеу институтының негізгі қызметі, жол инфрақұрылымын дамыту мәселелері, сондай-ақ ҚазжолҒЗИ ғалымдарының соңғы әзірлемелері туралы ақпарат берілді. Атап айтқанда, жол битумының нанокөміртекті және өзге де инновациялық модификаторларының презентациялары таныстырылып, сондай-ақ сала мамандары, тас карьерлері, жаңа технологиялар мен материалдар, көпірлерді басқару жүйесі және цифрлық деректер базасын құру жөніндегі басқа да жобалар қонақтардың назарына ұсынылды.
Келіссөздер барысында «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті осы жылдың сәуір айында қазақстандық ғалымдардан құралған делегацияны қарсы алған Jiangsu Transportation Institute компаниясына алғыс білдіріп, ұзақ әрі жемісті ынтымақтастыққа ниетті екенін жеткізді.
«JSTI - жолдарды жобалау мен салуда, сондай-ақ жол-құрылыс саласының нормативтік-техникалық базасын реформалауда бай тәжірибесі бар көлік саласындағы жетекші Қытай ғылыми-зерттеу институты. Қазір JSTI Group Co Ltd әлемдегі үздік 150 инжинирингтік компанияның ішінде 56-шы орында. Аталған институтпен ұзақ уақыт бойы бірлесе жұмыс істеп келеміз. Кездесу барысында жаңа әзірлемелерді, технологиялар мен жабдықтарды сынақтан өткізуге болатын жаңа бірлескен пилоттық жобаларды талқылауға қашанда дайынбыз», деді Арман Әлібаева.
Бүгінгі таңда битумдарды жақсарту, жаңа жол-құрылыс материалдарын және озық зертханалық жабдықтарды жасау бойынша зерттеулер екі тарапты да қызықтырып отыр. Сонымен қатарҚытайдағы жол мамандарының өз біліктілігін міндетті түрде арттырып отыратыны төңірегіндегі тәжірибесі де асқан қызығушылық тудырып отыр. Осы ретте қазір мұндай бастаманы халық қалаулылары Парламентте қарап жатқандығын айта кеткен орынды.
JSTI басшылығы да өзара ынтымақтастық орнатуға мүдделі екенін айтты. Өйткені Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасының өте маңызды қатысушысы.
«Біздің орналасқан жеріміз, климаттық және басқа да ерекшеліктеріміз өзара ұқсас. Әлбетте, жол саласы үшін ыстық жаз және суық қыс үлкен проблема. Екі ел арқылы жүктердің белсенді транзиті жүріп жатыр. Сондықтан біз жолдардың бұзылуына қарсы күрес әдістерін бірлесіп әзірлей аламыз, сондай-ақ жол құрылысының сапасын бақылауды жақсарту үшін бірлесе жұмыс жасай аламыз»,деді кездесуде Jiangsu transportation Institute бас инженері, ұлттық озық жол материалдарын зерттеу орталығының директоры Чао Ронджи.
«Біз жұмыстың сапасы мен әлеуметтік мәселелерді, сондай-ақ құрылыстың құнын ескере отырып, жол құрылысы қағидаттарын құрудың дұрыс, теңдестірілген стратегиясын әзірлеуіміз керек. Бізде, ең алдымен, жаңа асфальтбетон қоспаларын әзірлеу, жобалау және ғылыми-зерттеу жұмыстары саласындағы ынтымақтастық үшін көптеген ортақтақырыптар бар. Біз жол көлігі саласындағы стратегиялық мәселелерді бірлесіп шешу үшін ҚазжолҒЗИ базасында Қазақстан-Қытай зерттеу орталығын құруға ниеттіміз», деп толықтырды профессор.
Сондай-ақ сапар аясында шетелден келген қонақтар «ҚазжолҒЗИ» АҚ сынақ зертханасына, «ҚазАвтоЖол»ҰК ақылы жолдар дирекциясының дата-орталығы мен кеңсесіне барды.
Естеріңізге сала кетейік, отандық және қытайлық жол ғалымдарының ынтымақтастығы 2009 жылы басталған болатын. 2016 жылы тәжірибе алмасу мақсатында тиісті келісімге қол қойылды. 2023 жылдың сәуір айында ҚазжолҒЗИ делегациясының ҚХР-ға жасаған сапарыбарысында Jiangsu Transportation Institute-пен ынтымақтастық туралы жаңа меморандумға қол қойылды.