Цифрлық интеллект еріктілерді алмастыра алмайды – Тойли Құрбанов

21 Маусым 2023, 14:54 1191

БҰҰ-ның еріктілері бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойли Құрбанов форумда сөйлеген сөзінде 60-тан астам елдегі БҰҰЕБ бөлімшелерін басқарып отырғанын жеткізді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

БҰҰ Бас ассамблеясы волонтерлік жұмысқа бір ерекше түр ретінде назар аударып отыр. Бұл еріктілерге күш-қуат беретінін атап өтті.

Көптеген елдер волонтерлерге қатысты заң қабылдады. Қазақстан да оған жол ашты. Біздің бір байқағанымыз, әр ай сайын жаңа институттар құрылып жатыр. Волонтерлік желілер дамуда. Бәрі пандемия кезінде осы қозғалыс басталды деп ойлауы мүмкін. Пандемия бұл күшті одан сайын қарқынды етті, – дейді Тойли Құрбанов.

Сондай-ақ спикер бүгінгі таңда волонтерлік жұмысқа әрбір жас адам қатыса алатынын және Түркия мен Сирияда жер сілкінісі болғанда, БҰҰ-ның волонтерлері онлайн арқылы зардап шеккен тұрғындарға қашықтықтан араб, түрік тілдерінде көмек көрсеткенін тілге тиек етті.

Бұл ретте, әрине, цифрлық интеллект адамдарды алмастыра ала ма деген сұрақ туындауы мүмкін. Цифрлық интеллект волонтерлерді алмастыра алмайды. Себебі, еріктілер барлығын шын жүректен өз қолымен және ақыл-ойымен жасайды. Біз жаңа кезеңдеміз және оның дамып жатқандығын байқаудамыз. Волонтерлер кіші қадам арқылы әлемді өзгертеді, – дейді спикер.

Спикер еріктілер өзара адамдармен қарым-қатынас құра отырып, әлемді әлдеқайда инклюзивті етіп, бірыңғайлықты қалыптастырады деп есептейді.

Айта кетейік, Тойли Құрбанов – 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап БҰҰ (БҰҰЕБ) еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі. Бұл қызметте БҰҰ-ның волонтерлік жұмысын жаһандық деңгейде басқарып келеді және 60-тан астам елдегі БҰҰЕБ бөлімшелерін басқарады. БҰҰ-ға мүше елдермен өзара іс-қимыл жасай отырып, тұрақты даму мақсаттарына ТДМ қол жеткізу құралы ретінде волонтерлік қызметті ілгерілетуде.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: