Цифрлы полиция: заманауи қызмет бағыты

3 Қараша 2022, 15:48 2597

Астана қаласының полиция департаменті «Алматы» ауданы полиция басқармасының аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция майоры Дәулет Бекзатпен сұхбат

Полиция қызметкерлері – халықтың қорғаны ғана емес, елдің тыныштығы мен бейбітшілігін сақтауға жауапты. Қылмысты дер кезінде ашып, заңды бұзған адамды жауапқа тартып әділеттілік принципін сақтайды. Осындай жауапкершілікті көтеріп жүрген полиция қызметкерінің бірі – Дәулет Бекзат. Астана қаласында полиция бөлімінің жедел уәкілі, полиция майорымен сұхбаттасып, тәртіп сақшысы қызметінің қыр-сырын білдік.

- Полиция қызметі саласын таңдауыңыздың сыры неде?

- Бала күнгі арманым құқық бұзғандарды ұстап, оларға тиісті жазасын беріп, елдің берекесін арттырсам деп ойлайтынмын. Жігіттің міндеті – еліне қорған бола білу!

- Полиция қызметкеріне қандай қасиет қажет?

- Ең біріншісі – қайсарлық. Айтқаныңнан қайтпай, деген мақсатыңа жете білу. Екіншісі – қиыншылыққа төзе білу. Бұл жұмыс болғаннан кейін кез келген күтпеген жағдайға дайын тұруы керек. Таңертең бе, кешке ме, түнде ме, қай уақытта жұмысқа шақырғанда жедел жетіп, мәселені шешуге тырысу маңызды. Жұмыстың ерекшелігі де осында.

- Бұл қызмет ер адамдарға арналған жұмыс деп жатады. Онымен қаншалықты келісесіз?

- Біздің салаға әйел адамдар да қажет. Оның орны қашанда бөлек. Мысалы бөлімшеге кәмелет жасқа толмаған жасөспірімдер келіп түскен болса, олармен сөйлесетін де, сырласатын да әйелдер. Бұл елге қорған болу үшін істелетін жұмыс болғандықтан, ер немесе әйелге арналған деп бөлудің қажеті жоқ деп ойлаймын.

- Қызмет ету барысында қандай естен кетпес қызық сәтті бастан өткердіңіз?

- Жұмысқа учаскелік полиция қызметкері ретінде енді тұрған кезім. Көлікпен көп жүре бермейтін едік. Сөйтіп, бір күні 10 шақты айыпталушыны бөлімшеге 5 шақырым жер жаяу жүріп, алып бардым. Бір қызығы, олардың ешқайсысы қашып кетуге талпынған жоқ. Жол бойы оларға заң ережесін түсіндіріп бардым.

- Астана қаласының тәртіп сақшылары заманға сай қызмет етіп жатыр деп ойлайсыз ба?

- Астанадағы полиция қызметкерлері өте еңбекқор, халқы үшін аянбай қызмет етуде. Өйткені олар Қазақстанның бас қаласында қызмет ететінін жақсы түсінеді. Астана мегаполиске айналып, халық санының көбеюімен қатар мәселелері де артты. Полицияның жұмысы уақытпен санаспайды, кейде түнде, кейде таңатпай белсенді еңбек етіп жатамыз. Ондай кезде полиция қызметкері оқиға орнына бірден жетіп, шұғыл шешім шығарып, жауапкершілік танытуы тиіс.

- Голливудтық киноларда америкалық сақшылары образында халықпен тіл табыса алатын, мейірімді адал полицияларды көресіз. Ал біздің халқымызда «Дәрігер мен полицияға ісің түспесін» деген сөзді жиі естиміз. Жалпы полицияның қоғамдағы беделін қалай арттыруға болады?

- Полиция қызметкеріне деген оң көзқарас барлығында бола бермейтіні рас. «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» демекші, халықтың теріс пікірін тудырып жүрген бірең-сараң қызметкерлер ғана. Жалпы отандық полиция қызметінде адамгершілігі мол, қызметіне адал, өмірлік көзқарасы кемел азаматтар көп. Оларды танып, бағалай білу де маңызды.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әділетті Қазақстан құруды мақсат етеді. Бұл ретте құқықтық мемлекет қалыптастыруда полиция қызметінің орны зор. Заң салтанат құрған мемлекет қандай болады?

- Құқық қорғау саласының қызметкерлері Президенттің және Үкіметтің қамқорлығын сезініп келеді. Департамент басшылары да іске сергек қарап, қолдау білдіріп келеді. Қазан айынан бастап жалақымыз 65 пайызға көтерілді. Мұның өзі бізге үлкен демеу.

Ал заң салтанат құратын елге келетін болсақ, әр адам өзінен бастауы керек. Кейде қала тұрғындары тұрмыстық қатты заттарды әр жерге лақтырып кетеді. Егер халықтың азаматтық белсенділігі жоғары болса, сонда әділ де ашық елге айналамыз.

- Әлемнің цифрлануымен бірге алаяқтың формасы сан құбылып, оған жем болған тұрғындар саны артып келеді. Алаяқтықты құрықтаудың қандай шаралары бар?

- Қазіргі заманда цифрлы алаяқтықтың түрі көп. Әсіресе шетелде отырып, қазақстандық азаматтарға хабарласып, алаяқтық істерін жүзеге асырады. Оларды бірден құрықтап, тауып алу оңай шаруа емес. Себебі бізде шетелге шығып, алаяқтарды ұстап алатын мүмкіндік аз. Оларды IT мамандары мен тиісті құрылғыларға жүгіну арқылы оларды құрықтаймыз.

- XXI ғасырда «цифрлы полиция» ұғымы пайда болды. Мұны қалай түсінеміз?

- «Цифрлы полиция» тәртіп сақшысының өз саласын жетік меңгеруі. Мәселен, бір арыздың өзін қабылдау үшін оны қағазға емес, компьютерге теру арқылы істі жүргізу оңай деп есептеймін. Себебі құжатты басып шығару үшін бір жағынан көп қағаз кетсе, екінші жағынан ол бір жерде жоғалып не жыртылып қалуы мүмкін. Полиция қызметі саласына компьютерлік қызмет түрлерінен бөлек, планшет және бейнебақылау элементтері енуде. Мұның бәрі полиция қызметінің сапасын жетілдіріп, беделін арттыруға септігін тигізеді. Дамыған заманда біртіндеп цифрлы жүйеге көшу өте дұрыс қабылданған шешім болды. 

- Көліктің көбеюімен бірге жол көлік оқиғаларының саны артып келеді. Бұл – көлік жүргізушісінің жауапкершілігінің төмендігінен бе, әлде жол инфрақұрылымы нашар дамығандықтан ба?

- Оған жүргізуші де, жол инфрақұрылымының дамымағыны да себеп болады. Өйткені кейде жүргізуші көлікті мас күйінде айдап, түрлі құқық бұзушылық әрекеттерге жол береді. Соның кесірінен жол көлік апаты орын алып жатады. Ал жол инфрақұрылымы болса, енді-енді қолға алынуда. Егер жүргізушілер заңды бұзбай жүрсе, жол инфрақұрылымы тиісті деңгейге дейін көтерілсе, жол көлік оқиғалары да азаяды.

- Сұхбатыңызға рахмет!

 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: