Цифрлы эволюцияның жаңа қадамы – цифрлық теңге

30 Қыркүйек 2022, 11:19 3605

Қазақстан Ұлттық Банкі «Цифрлық теңге» пилотты жобасын жүзеге асыруға 2021 жылдан бастап бел шешкені белгілі. 

Қазақстанда цифрлық теңге пилоттық жоба ретінде отандық қаржы жүйесіне енгізілуде. Қазір цифрлық валютаның Қазақстанда старт алу Мемлекет басшысының шешімін күтуде. Ұлттық Банк басшылығы Қазақстанда цифрлық валютаны енгізу бойынша жұмыстың соңғы кезеңіне жеткенін және ол бойынша шешім қабылдау моделі Президентке ұсынылғанын айтады.

Қазақстан ТОП-25-те

Қазақстан цифрлық валютаны енгізуде прогресске қол жеткізуде. Бүгінде әлем елдерінің басым бөлігі цифрлық валютаны қалыптастыру, енгізу мүмкіндіктерін зерделеп, зерттеп жатыр. Орталық банктердің цифрлық валютасын CBDC (Central Bank Digital Currency) қолданысқа енгізу цифрландыру дәуірінің заңдылығына айналды. finprom.kz сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, бүгінгі таңда әлемдің ЖІӨ-нің 95 % үлесіне тиесілі 105 мемлекет өз қаржы нарығына цифрлық қаржы құралын әзірлеуге және енгізуге ден қойған. Мемлекеттік цифрлық валюталардың танымалдылығы күннен-күнге артып келеді. Atlantic Council жариялаған деректерде өз цифрлық валютасын қазірдің өзінде 10-нан астам мемлекеттің қолданысқа енгізіп үлгергені айтылады. Жаһандық технологияның көзді ашып-жұмғанша жоғары қарқынмен дамып келе жатқанына таңдай қақпасқа амал жоқ, себебі, осыдан бірнеше жыл уақыт бұрын, әлем цифрлық валюта құру туралы тек сөз жүзінде ғана айта бастаған еді. Қазір тағы 15 ел цифрлық валютаны іске қосу кезеңінде тұр, және олардың ішінде Қазақстан да бар.

Қазақстан Ұлттық Банкі «Цифрлық теңге» пилотты жобасын жүзеге асыруға 2021 жылдан бастап бел шешкені белгілі. Пилотты жоба аясында цифрлық теңге концепциясының өміршеңдігі, яғни цифрлық валютаны шығарудан бастап, онымен сатып алулар, аударымдар жүргізу, сондай-ақ, офлайн-төлем жасау жолдарының жүзеге асырылу тетіктері жан-жақты тексерілді. 2022 жылдың 1 шілдесінде ҚР Ұлттық Банкі мен ҚРҰБ Төлем және қаржы технологияларын дамыту орталығы «Цифрлық теңгені енгізу бойынша шешім қабылдау моделі» баяндамасын жариялады.

Цифрлық технологияға сұраныстың артуына әлемде орын алған короновирус пандемиясы да ықпал етті. Айта кету керек, 2014 жылы Қытай Халық Республикасы әлем елдерінің ішінде бірінші болып цифрлық юань жобасын бастады. 2020 жылы ресми Бейжің жаңа қаржы құралын өзінің төрт ірі қаласында сынақтан өткізді. 2021 жылдың басында оны жетекші алты қытайлық банк тестілеуден өткізді. Оларға кейін жүзден астам қаржы ұйымдары мен серіктестер қосылды. 2021 жылдың жазында цифрлық юань Пекин қаласында метроларда қабылдана бастады. Және 2022 жылы Бейжіңде өткен қысқы Олимпиада ойындарында цифрлық юань толыққанды түрде айналымға енгізілді.

Қытайдан өзге Франция, Канада, Араб Әмірліктері, Оңтүстік Корея, Оңтүстік Африка, Уругвай секілді елдер пилоттық тестілеу кезеңіне аяқ басты. Бұл жаңашылдықтан іргедегі Ресей мемлекеті де қалыс қалмады, олар цифрлық қаржы құралына қатысты зерттеу-зерделеу жұмыстарын 2020 жылы бастап кетті. Ал, Нигерия е-найра цифрлық валютасы бойынша әзірлік жұмыстарын 2017 жылы бастап, 2021 жылы оны ресми түрде төлем құралы ретінде айналымға енгізді.

   Қазақстанда 2021 жылы ЦВ бойынша не жасалды?

Өткен жылдың мамыр айында цифрлық валютаны енгізу бойынша қоғамдық талқылау үшін консультативті баяндама жарияланды. Ал мамыр-желтоқсан аралығында нарық қатысушылары, сарапшылар қауымдастығы, мемлекеттік органдар және халықаралық әріптестермен бірге бірнеше профильді кездесулер мен талқылаулар өткізілді. Маусым айында цифрлық теңгенің техникалық жүзеге асу мүмкіндігін бағалау мақсатында пилотты жоба тестілеуден өтті. Және бұл сынаққа екінші деңгейлі банктер де қатысты.

Қыркүйек айында нарық қатысушыларының арасында жаңа төлем құралдарын дамытудың қажеттілігі мен басымдықтарын анықтау мақсатында сауалнама мен сұқбат жүргізілді. Сондай-ақ, осы айда Қазақстан қаржыгерлерінің IX Конгресінің аясында пилоттық жобаның алдын-ала алынған нәтижелері жария етілді. Желтоқсанда пилоттық жобаның қорытындысы туралы баяндама әзірленді.

Жалпы 2021 жылы пилотты жобаның негізгі мақсаты - цифрлық теңге концепциясының өміршеңдігін тексеру еді. Жоба қорытындысында цифрлық теңге концепциясының технологиялық жүзеге асу мүмкіндігі тиісінше дәлелденді.

Ал 2022 жылы Ұлттық Банк цифрлық теңгені енгізудің салдары мен тиімділігін зерттеуді жалғастырды. Қаржы нарығының қатысушыларын және өзге де мүдделі тараптарды көбірек тарту мақсатында Digital Tenge Hub бірлескен платформасын іске қосты, мұнда барлық мүдделі тараптар ұлттық цифрлық валютаны енгізу мәселесін талқылап, зерттеу мүмкіндігіне ие болды.

Цифрлық теңге қалай жұмыс жасайды?

Цифрлық теңге – Ұлттық Банкпен әзірленіп жатқан цифрлық валюта, қолданыстағы қолма қол және қолма қолсыз ақша қаражатына қосымша ретінде жүретін отандық ұлттық валютаның үшінші түрі. Ол Ұлттық Банкпен цифрлық түрде айналымға шығарылады. Цифрлық теңге заңды төлем құралы ретінде қабылданады және экономиканың барлық субъектілері үшін ақша қаражатының барлық қызмет түрін атқаратын болады.

Цифрлық теңге бірегей цифрлық реттілік (токен) немесе арнайы электронды әмияндарда сақталатын электронды жазбалар түрінде шығарылады. Банк карточкасы секілді дата-орталық платформасында қаражат иесінің электронды әмияны құрылады. Сарапшылардың айтуынша, ақша аудару кезінде ұсталатын банк комиссиясы цифрлық теңге қолданылған жағдайда аз болуы немесе мүлдем болмауы да мүмкін.

Төлем технологиялары тұрғысынан, офлайн төлем жасау ұсынылады. Яғни ұялы телефон арқылы интернетке қосылмай-ақ төлем жасау мүмкіндігі беріледі.

Цифрлық теңгенің іске қосылғанынан күдік күтудің қажеті жоқ, себебі, қолма қол ақша да, қолма қолсыз ақша да онымен қатар қолданыста жүре береді. Сарапшылардың айтуынша, ресми цифрлық ақшаның бірден-бір маңызды мақсаты – ақша ағымдарының жеке криптожүйелерге кетуінің алдын алу.

   Цифрлық теңге бұл электронды ақша ма әлде криптовалюта ма?

Цифрлық теңгені эдектронды ақшамен шатастыруға болмайды. Цифрлық теңгені тек Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі ғана шығаруға құқылы, ал электронды ақша дегеніміз, ол электронды нақты ақша жүйесінің белгілі бір шегінде ғана шығарылып, айналымға түседі және жүйе иесінің міндеттемесі болып табылады. Және ол жеке ұйымдармен де шығарылуы мүмкін.

Стейблкоиндер мен криптовалюталар ақшаның барлық қызметін атқара алмайды. Олар айналымға түсе алмайды, жинақтау құралы бола алмайды, сондай-ақ, төлем құралы ретінде де жүрмейді. Оларды ұстаушылардың мүддесінің қорғалуына кепілдік беретін ортақ шығарушысы жоқ. Ол аз десеңіз, олардың құнында тұрақтылықтың болуына да кепілдік жоқ, сондықтан оның нарықтың құбылуына байланысты өзгеріске ұшырап отыратындығы да заңдылық.

Цифрлық теңгемен есеп айырысу қазір қолданыста жүрген төлем құралдары арқылы жүргізілетін болады, оның ішінде мобильді қосымшалар, QR, NFC секілді төлем жүйелері. Сондай-ақ, жоғарыда айтып өткеніміздей, төлем жүргізудің жаңа мүмкіндіктері де пайда болады. Бұл офлайн төлем өткізу. Сондықтан операцияларды офлайн жүргізудің мүмкіндігі қаржы қызметтерін шалғай аудандарда да қолжетімді етеді.

   Цифрлық валюта енгізу бізге не береді?

Цифрлық валюта енгізу Қазақстан үшін қаржы жүйесі мен төлем технологиясының эволюциясындағы жаңа қадам болмақшы. Цифрлық валюта енгізілген күнде, ол заңды төлем құралына айналады. Айтып өткеніміздей, ол қолма қол және қолма қолсыз ақшамен қатар қолданыста жүре береді.

Цифрлық теңгені енгізу төлем және қаржы қызметтерінің қолжетімділігін арттырады. Цифрлық теңгенің инфрақұрылымы қаржы нарығының қатысушылары мен мемлекеттік органдар үшін смарт-контракт технологиясының базасында инновациялық қызмет көрсету сервистерін құруға мүмкіндік беретін қосымша құралға айналады. Алдағы уақытта цифрлық теңгенің енгізілуі трансшекаралық төлемдердің де тиімділігін арттыратыны анық.

Сондай-ақ, отандық қаржы нарығындағы барлық ақша түрлерінің құны тең болады. Тарқатып айтар болсақ, бір цифрлық теңгенің құны, бір теңгелік банкнотпен немесе қолма қолсыз бір теңгемен бірдей болады. Сондай-ақ, цифрлық теңгені кез-келген уақытта қолма қол ақшаға немесе қолма қолсыз қаражат құралына еркін айырбастауға болады.

Цифрлық теңгені кәдуілгі купюралар, монеталар, банк карталары немесе электронды әмиян есебінде пайдалануға болады, онымен тауар мен қызмет үшін ақы төлеу, аударымдар жасау әбден мүмкін қаржылық операциялар.

Оның өзге қаржы құралдарынан ерекшелігі, ол әмиянда немесе банк есепшоттарында сақталмайды, арнайы Ұлттық Банк әзірлеген платформада цифрлық әмиянда ғана сақталады. Мұндай теңгемен банктердің мобильді қосымшасы арқылы есеп айырысу жүргізіледі. Өз кезегінде екінші деңгейлі банктер Ұлттық банк әзірлеген платформаға қосылады. Цифрлық теңге инфрақұрылымы екінші деңгейлі банктер үшін де, қаржы технологиялық компаниялар үшін де оған оңай қосылуға мүмкіндік береді. Техникалық тұрғыдан қарағанда, цифрлық теңге қолма қолсыз валютаға өте ұқсас, алайда ол банктердің немесе халықаралық төлем жүйелерінің емес, орталық банктің инфрақұрылымында жұмыс жасайды, және оны интернетсіз де қолдануға болады. Яғни Ұлттық Банк инфрақұрылымын қамтамасыз етеді, ал қаржы нарығының қатысушылары төлем сервистерін көрсетеді. Осылайша, цифрлық теңге дегеніміз, бірегей цифрлық код түріндегі электронды валюта болады, ол азаматтардың электронды әмияндарына жазылады, және біз сол арқылы төлем жүргізе аламыз. Цифрлық әмиян қолданушының смартфонына, банк карточкасына бекітулі болады немесе ол дата-орталықта жата берсе де болады, ол жерден де қазақстандықтар кез-келген қызметтің немесе тауардың ақысын қашықтан төлей алады.

Бірегей цифрлық реттілік (код) дегеніміз не? Бұл егер иесі қаласа, әрбір теңге бақылауда болады деген сөз. Сондай ақ, теңгені құпиясөзбен бұғаттап, оны балаға белгілі бір шығын үшін аударсаңыз болады, балаңыз оны өзіңіз тапсырғандай тек азық-түлік пен жол-көлік ақысына ғана төлей алады, және ол ақшаға темекі мен алкоголь ала алмайды. Яғни жеке азаматтар үшін де ақшаның қозғалысын, оның анық қайда жұмсалатынын нақты көріп отыру мүмкіндігі пайда болады. Сондай-ақ, зейнеткерлер үшін де қолайлылық тудырылады, олар цифрлық ақшаны пайдаланатын болса, ақшаны шешіп алу үшін банкоматқа барудың қажеті болмайды, себебі ақша оның әлеуметтік карточкасына автоматты түрде келіп түседі, және ол карточка арқылы кез- келген тауарды, қызметті үйден шықпай, интернетке қосылмай төлей алады.

Себебі, айта кетерлігі және ең бастысы, мұндай цифрлық теңгені интернет нашар ұстайтын немесе мүлдем интернет жоқ ауыл-аймақтарда да пайдалануға болады.

Бұл жобаның мемлекеттік сатып алу конкурстарындағы бюджет қаражатының қозғалысының ашықтығын қамтамасыз ететіндігіне де сенімді сарапшылар. Яғни ұлттық цифрлық валюта сыбайлас жемқорлыққа қарсы құралға айналады. Ал адамдар соның арқасында «заң шеңберінде» жұмыс жасай бастайды

Сондай-ақ, мемлекет цифрлық ақша қозғалысын бақылай отырып, мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыруға қол жеткізеді.

   Цифрлық теңгемен аударымдар жасау қауіпсіз болады ма?

Цифрлық валютаны енгізу қолма қолсыз төлемдер көлемін арттыруы ықтимал. Себебі, цифрлық валюта бұл да қолма қолсыз төлем құралы болып табылады. Атап өту керек, Қазақстанда онсыз да екінші деңгейлі банктер арқылы қолма қолсыз төлемдер көлемі жылдан-жылға артып келеді. Сондықтан, сарапшылар цифрлық валюта біртіндеп қолма қол ақшаны нарықтан ығыстыруы мүмкін деген күдік келтіреді. Алайда, цифрлық теңгені депозиттерде сақтау кезінде оған сыйақы қосылмайтынын ескеру керек. Сондықтан цифрлық теңге бірінші кезекте жинақтау құралы емес, төлем құралы ретінде қолданылатын сияқты.

Мәселен, қолма қолсыз ақшаға келер болсақ, ол қандай да бір банктің қауіпсіздік шараларына қарай белгілі бір деңгейде қорғауда болады, ал цифрлық теңгенің қауіпсіздігі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен қамтамасыз етіледі. Кибершабуылдар салдарынан әмияндағы ақша ұрланатын болса, оны әрбір цифрлық валютаның токен нөмірі арқылы табуға болады.

Және цифрлық теңгемен жасалған кез-келген мәміле жариялы болады. Бір сөзбен айтқанда, бұл ақшаның қайда бағытталғанын бақылап отыру мүмкіндігі. Бұл әрине, мемлекет үшін қадағалаудың жаңа деңгейі болмақ. Ал жеке азаматтар үшін қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Яғни интернет алаяқтардың тұзағына түсу қаупі азаяды. Жүйе бұзудан, ұрлаудан, алдап ақша аударудан толықтай қорғалады.

Сарапшылардың айтуынша, ұлттық валютаны цифрлық форматқа ауыстыру арқылы мемлекеттік бюджеттегі қаржы қозғалысын қадағалауға және сол арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің тиімді әдісін енгізуге болады. Яғни цифрлық валюта елдегі көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға мұрындық болады. Сондай-ақ, цифрлық теңге отандық қаржы секторының жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыратыны да сөзсіз.


Бөлісу: