Трансплантация. Дәйек пен дәлел

12 Шілде 2022, 12:31 4733

Қазақстанда 4 мыңға жуық науқас донор кезегінде тұр

Жыл сайын әлемде 100 мыңнан астам адамға трансплантация жасалады. Ағза алмастыру бүйрек, бауыр, жүрек, ұйқы безіне жүргізіледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жанындағы донорлық және транспланттау жаһандық обсерваториясы әлем бойынша жыл сайын 100 800 трансплантация жасайды екен. Оның ішінде 5 400 жүрек және 3 400 өкпе трансплантациясы. Ал, Қазақстандағы ағза алмастыру операциялары жайлы Нұр-Сұлтан қаласы бойынша транспланттаушы-үйлестіруші Сәуле Шайсұлтановадан сұрап білдік, деп хабарлайды El.kz.

– Қазақстанда транспланттау оталары қай жылдан басталды?

– Трансплантация жасау екі түрге бөлінеді. Ол туыстық және мәйіттік донордан ағза алынады. Туыстық донордан транспланттау 1979 жылдан басталды. Алғаш рет Қазақ ССР-да Емханалық және тәжірибелік хирургия институтында мәйіттік донордан бүйректі транспланттау отасы жасала бастаған еді. Еліміздегі жүрек, бауыр, өкпе алмастыру тәуелсіздік жылдарында бастау алды. Ал, мәйіттік донордан ағза ауыстыру операциясы 2012 жылдан бері жасалып келеді. 2012 жылы 8 тамызда жүрек ауыстыру операциясы алғашқы қазақстандық азамат Жәнібек Оспановқа жасалды. Осылайша, мәйіттік донордан жүрек алмастыру сәтті өтті.

– Ағза трансплантациясы қалай жасалады?

– Туыстық трансплантация кезінде тірі адамнан бір бүйрегін, немесе бауырдың жарты бөлігін ауыстырады. Мәйіттік донордан ағза алмастыру тек ми өлімі диагнозы қойылған жағдайда туысқандарының рұқсатымен ғана трансплантация жасалады. Біздің күту парағында көбіне бүйрек алмастыруға мұқтаж адам көп. Бүйрек алмастыру бойынша біздің елде кезекте тұрғандар саны көп.

– Кім ағза доноры бола алады?

– Ағзаны ауыстыру үшін донор мен науқастың қан тобы бірдей болуы шарт. Сондай-ақ, 18 бен 65 жасқа дейінгі адамдардың ағзасы ауыстыруға жарайды. Бірақ ағза берушіге қойылатын қатаң талаптар бар. Алдымен жұқпалы аурумен ауырмауы, дені сау болуы керек. Ағзаға мұқтаж адамдардың ішінде балалардың бары алаңдатады.

– Осы уақытқа дейін қанша операция жасалды?

– Қазақстанда қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан ағзаларды транспланттау 2012 жылдан басталды. Бүгінгі күні 2000-нан астам ағзаларды ауыстыру, оның ішінде 86 жүрек трансплантациясы және 15 өкпе трансплантациясы жүргізілді. Адамдар қайтыс болғаннан кейінгі донорлық бағдарламасы бар екенін білуі керек. Әр адам тірі кезінде шешім қабылдап, туыстарымен сөйлесуі қажет. Көпшілігі ондай шешім қабылдай бермейді. Адам ми өлімімен жан сақтау бөлімінде жатқан кезде туған-туыстарына бұл шешімді қабылдау қиынға соғады. Сондықтан өздерінің шешімі бойынша жұмыс атқарамыз. Егер рұқсат берсе, онда ота жасалады. Ал, рұқсат бермесе, өз еркінде болады. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында елімізде 44 трансплантация жасалды. Оның ішінде тірі донордан 37 операция және қайтыс болғаннан кейінгі донордан 7 ота жасалды.

– Елімізде ағза ауыстыру бойынша қанша адам кезекте тұр?

– Қазіргі уақытта күту парағында жүрек, өкпе, бүйрек, бауыр алмастыру бойынша кезекте тұрған 3557 адам бар. Оның 82-і бала. Ағзаға зәру науқастардың ішінде ең көп сұранысқа ие ағза – бүйрек болып отыр. 3148 ересек пен 65 бала бүйрек алмастыру отасына зәру. Ал, жүрек трансплантациясы бойынша 147 ересек пен 6 бала бар. Өкпе алмастыру бойынша 17 адам кезек күтіп жүр. Әр науқастың үлкен үміті бар. 

– Донорлыққа келісімді қалай береді?

– Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бойынша әр азамат қайтыс болғаннан кейінгі ағза ауыстыру бойынша өз келісімін білдіре алады. Қазақстанда қайтыс болғаннан кейін ағза донорлығына келісімді немесе келіспеушілікті электрондық форматта беруге болады. Екі жылдан бері Egov.kz порталында «трансплантаттау мақсатында ағзалардың, тіндердің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығынан тірі кезінде бас тарту немесе келісім алуды тіркеу» бойынша автоматтандырылған қызмет енгізілді. Әрбір азамат электронды қолтаңба арқылы порталға кіріп өз келісімін де бере алады. Қазақстанда көп адам өзінің таңдауын жасай бермейді. Осы күнге дейін 20 мың адам өз таңдауын жасаған. Оның 1 мыңнан астамы келіскен. Қалғаны донорлыққа қарсы. Көбіне ми өлімі диагнозы қойған кезде азаматтардың жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы республикалық координатор оның шешімін білуге болады. Адамдар тірі кезінде донорлыққа келісім беру не бермеу туралы таңдауын жасамағандықтан, біз көбіне әлеуметті донорды ми өлімі диагнозын қойған кезде туысқандарымен сөйлесіп, ойын тыңдаймыз.

– Сұқбаттарыңызға рақмет!

Бақытнұр Бейсенбай
Бөлісу: