АҚШ президенті Дональд Трамп ел тарихында алғаш рет ағылшын тілін федералдық деңгейде ресми тіл ретінде мойындайтын жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
АҚШ тарихында Конституция мен Тәуелсіздік декларациясын қоса алғанда, барлық маңызды құжаттар ағылшын тілінде жазылғанына қарамастан, елде заң жүзінде ресми тіл бұрын-соңды белгіленбеген.
ProEnglish тобының мәліметінше, ағылшын тілі АҚШ-тың 50 штатынан 32-сінде ресми тіл ретінде танылған. Бұл ұйым ағылшын тіліне ресми мәртебе беруді жақтайды.
Ағылшын тілін Америка Құрама Штаттарының ресми тілі ретінде мойындау қажеттігі бұрыннан туындаған, – делінген жарлық мәтінінде.
Құжатта ортақ тіл «ұлттық бірлікті нығайтуға ықпал ететіні» айтылғанымен, АҚШ-та 350-ден астам тілдің қолданылатыны да мойындалады.
Үкіметтің 2019 жылғы деректеріне сәйкес, АҚШ-та 68 миллионға жуық тұрғын өз үйінде ағылшын тілінде сөйлемейді. Олардың басым бөлігі – испан тілді азаматтар, олардың саны 40 миллионнан асады деп бағаланған.