TOǴYZQUMALAQ коллекциялық монеталары айналымға шығады

18 Желтоқсан 2022, 07:14 1327

Бұл туралы Қазақстан Ұлттық Банкі мәлімдеді

Қазақстан Ұлттық Банкі TOǴYZQUMALAQ коллекциялық монеталарын айналымға шығарады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Монеталардың сатылымға түсетін күніне қатысты ақпарат ҚҰБ-тың ресми сайтында қосымша жарияланады.

TOǴYZQUMALAQ – ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне енгізілген қазақтың ең көне ұлттық ойындарының бірі. Зияткерлік үстел ойыны логикалық ойлауды дамытуға арналған.

Монеталар реверсі дизайнының негізіне ежелде қолданылған ойын тақтасының дәстүрлі нысаны алынды. Күмістен жасалған монеталарда TOĠYZQUMALAQ жазуы және соғылған жылдың сандық белгісі алтын жалатылған ойын шарлары түрінде жасалған. Монетада 162 шар бейнеленген. Ойында да осы сан пайдаланылады. Монета реверсінің ортасында ою-өрнек орналасқан. Бұдан бөлек, дайындалған металды, сынамасын және массаны білдіретін жазулар бар.

Монеталардың аверсінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы ою-өрнек жолағымен көмкерілген. Елтаңбаның айналасында мемлекеттік тілде және ағылшын тілінде QAZAQSTAN RESPÝBLIKASY және REPUBLIC OF KAZAKHSTAN жазулары, ҚҰБ логотипі мен монеталардың номиналы белгіленген.  

Монеталар:

- массасы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, дайындау сапасы – proof және black-proof, номиналы 500 теңгелік, таралымы 3 000 дана күмістен (нүктелі алтын жалату, бір жақты тотығу және интерференциялық түрлі-түсті жабын технологиясын қолдана отырып) жасалды;

Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған монетаның бейнесі (proof және black proof дайындау сапасымен)

- массасы 31,1 грамм, диаметрі 38,61 мм, дайындау сапасы – proof, номиналы 500 теңгелік, таралымы 3 000 дана күмістен (нүктелі алтын жалату және интерференциялық түрлі-түсті жабын технологиясын қолдана отырып) жасалды;

Номиналы 500 теңгелік күмістен жасалған монетаның бейнесі (proof дайындау сапасымен)

- массасы 15 грамм, диаметрі 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, номиналы 100 теңгелік, таралымы 20 000 дана мельхиор қоспасынан жасалды;

Номиналы 100 теңгелік мельхиор қоспасынан жасалған монетаның бейнесі 

- массасы 11,17 грамм, диаметрі 31 мм, дайындау сапасы – uncirculated, номиналы 100 теңгелік, таралымы 100 000 дана нейзильбер қоспасынан жасалды.

Номиналы 100 теңгелік нейзильбер қоспасынан жасалған монетаның бейнесі

Коллекциялық монеталар Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің белгіленген құнымен төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдануға, сондай-ақ елдің барлық банктерінде банк шоттарына есепке алынуға және аударуға, ұсақталуға және айырбасталуға міндетті.

Күмістен жасалған монеталар мемлекеттік тілде, орыс және ағылшын тілдерінде ҚҰБ нөмірі бар сапа сертификаттарымен кәдесый қаптамасында шығарылады. Мельхиор қорытпасынан жасалған монеталар жеке блистерлік қаптамада шығарылады. 

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалды.

EL.KZ
Бөлісу: