Төрт баласының өліміне кінәлі деп танылған әйел бостандыққа шықты

6 Маусым 2023, 11:30 3638

Австралияда төрт кішкентай баласын өлтірді деген айыппен 20 жыл түрмеде отырған әйелге рақымшылық жасалды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ВВС агенттігіне сілтеме жасап.

2003 жылы сот Кэтлин Фолбигті қорғаушы тараптың мәлімдемесіне сенімсіздік білдіріп, 4 баласының бәрі түгел табиғи себептен қайтыс болуы мүмкін емес деп санады. Бірақ жақында ғалымдар осыны дәлелдейтін жаңа зерттеу жасап шығарды.

Оны сот  ұлдары Калеб пен Патрикті және қыздары Сара мен Лаураны өлтіргені үшін айыпты деп таныды. Үкім шығарған соң Кэтлин Фолбигг «Австралиядағы ең қорқынышты кісі өлтіруші» атанып кеткен болатын.

Фолбигг 1989-1999 жылдар аралығында кішкентай төрт баласы кенеттен қайтыс болғаннан кейін қамауға алынды. Сотта прокурорлар әйел балаларын тұншықтырып өлтірді деген дәлел келтірді Алайда, қайтыс болғандардың денесінен ешқандай буындыру ізі немесе қандай да бір жарақат туралы дәлел келтірілген жоқ.

Ақыры Фолбигг жанама дәлел негізінде сотталды. Өйткені, бұл оқиғадан кейін, Кэтлин жеке күнделігіне ана болу оңай емес екенін және балаларының өліміне өзін кінәлайтынын жазған. Бұл жазба сотқа жанама дәлел ретінде көрсетілді.

Кейіннен Фолбигтің қорғаушылары бірнеше рет апелляция беріп, 2019 жылы істің қайта тергелуіне бастамашы болды, алайда бұдан еш нәтиже шықпады. Тергеу амалдарын отставкадағы судья Том Батерст жүргізген соң істің жаңа мән-жайы анықталды.

Прокурорлардың көзқарасын өзгертуге негіз болған себеп - иммунологтар тобының тұжырымы болды. Олар жүргізген зерттеу арқылы Фолбигтің қыздары Сара және Лаурадан жүректің кенеттен тоқтап қалуына әкелетін calm 2 G114R деп аталатын жалпы генетикалық мутация анықталған. Ал ұлдары Калеб пен Патриктен ғалымдар басқа генетикалық мутацияны тапты.

Зерттеу тобын басқарған Австралия ұлттық университетінің профессоры Карола Винуэсананың айтуынша, әлемде осы генетикалық мутациямен байланысты өлімге әкеле алатын жүрек ауруына ұшыраудың небәрі 134 оқиға тіркелген.

Жаңа Уэльс губернаторы толық рақымшылық туралы жарлыққа қол қойып, Фолбигті дереу түрмеден босатуды бұйырды. Австралия ғылым академиясының мәлімдемесінде бұл іс елдегі құқық жүйесін ғылымдағы прогресті ескере отырып реформалау қажеттігін көрсетті.

Равиль Ашығали
Бөлісу: