Торғайда Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына ескерткіш орнатылады

22 Маусым 2022, 15:53 1606

Қостанай облысына қарасты Торғай ауылында Алаш арыстарына арналған ескерткіш орнатылмақ.

Қостанай облысына қарасты Торғай ауылында Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына ескерткіш орнату мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов айтты, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

«Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына арналған жоспарға сәйкес Жангелдин ауданы тұрғындарының тұрмысын және әл-ауқатын жақсарту бағытында инфрақұрылымдық жобалар іске асырылуда. Мысалы, жуырда ғана Ақкөл, А.Байтұрсынов ауылдары мобильдік интернет желісіне қосылды. Бұл – мерейтойға әзірлік барысында жергілікті халықтың сұраған негізгі өтініштерінің бірі болатын. Жергілікті тұрғындардың сұрауы бойынша А.Байтұрсынұлы ауылына апаратын жолдың және Торғай өзені арқылы өтетін көпірдің жөндеу жұмыстары басталып кетті. Сонымен қатар, А.Байтұрсынұлы ауылына жаңадан медициналық пункт салынып, Ақкөлдегі ауылдық амбулатория жөндеуден өткізіледі. Жоспар аясында Торғай ауылындағы «Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлының әдеби музейіне» жөндеу және реэкспозиция жұмыстары жүргізілуде», - деді әкім.

Оның атап өтуінше, Сарытүбек қонысындағы «Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйін» салу жұмыстары да қатаң бақылауға алынды. Қазіргі таңда жаңа нысанның жобалық сметалық құжаттамасы сараптамадан өткізілуде. Құрылыс жұмыстарына облыс бюджеті есебінен қосымша қаражат бөлінетін болады. Конкурстық рәсім нәтижесі бойынша жауапты мердігер табылса, үйдің құрылысын қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған.

«Бүгінгі күні жергілікті халық, кәсіпкерлердің демеушілігімен Байтұрсын әулетінің қорымы жанынан кесене салынып, Торғай ауылында Ахмет пен Міржақып бабаларымыздың құрметіне жаңа ескерткіш орнату мәселесі пысықталуда. Бұдан бөлек мәдени, ғылыми, танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр. Спектакльдер қойылып, ғылыми экспедиция өз жұмысын бастады. Негізгі мерейтойлық іс-шаралар 3-5 қыркүйек аралығына жоспарланған», - деді Архимед Мұхамбетов.

Бөлісу: